Студопедия КАТЕГОРИИ: АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
Туберкулез туралы не білу керек? 12 страница
Б. Автоматты емес механизмдер (экстрасистолиялар, пароксизмді аритмиялар, жүрекше және қарынша жыбыры) ІІ.Импульс өткізудің бұзылуы: А. Блокадалар Б. Қарыншалардың мерзімінен бұрын қозуы (WPW синдромы) ІІІ.Импульстің құрылуы мен өткізілуінің қабаттаса бұзылуы (парасистолиялар). Синустық тахикардия – жүрек соғуының минутына 90-нан артық жиілеуімен сипатталады. Әкеліп соқтыратын факторларға қозу, физикалық күш түсу, қызба, қан аздық т.б. жатады. Науқас жүрек лүпіліне шағымданады. Жүрек соғуы минутына 120-дан асып кетеді. Емі. Синустік түйіннің автоматизмін төмендететін дәрі-дәрмектер тағайындайды (В-адреноблокаторлар: атенолол, бисопролол, метопролол т.б.) Синустық брадикардия - жүрек соғуының минутына 60-тан азаюымен сипатталады. Әкеліп соқтыратын факторларға синустық түйіннің зақымдануы, кезбе жүйке ширығуының артуы және симпатикалық жүйке ширығуының төмендеуі т.б. жатады. Сонымен бірге кейбір дәрілердің әсерінен де пайда болуы мүмкін, мысалы, жүрек гликозидтері, В-адреноблокаторлары. Синустық брадикардияда науқастар аса денсаулығына шағымданбайды, кейде ғана басының айналуын сезеді. Емі. Негізгі аурудың емі: тіл астына изадрин қою, тері астына атропин ерітіндісін егу науқастың жағдайын жақсартады. Синустық аритмия – синустық импульстың кезектесіп келуінің бұзылуымен сипатталынады. Көбінесе синустық аритмия тыныс алумен байланысты. Дем жұтқанда жүрек соғуы жиілейді, ал дем шығарғанда – сирейді. Синустық аритмия кезбе жүйенің қозуынан болады. Аритмияның бұл түрі балалық кезеңде жиі кездеседі. Тыныс алумен байланысты синустық аритмия емді қажет етпейді. Экстрасистолия – жүректің қосымша жиырылуы. Қосымша импульстің пайда болған жеріне байланысты экстрасистолиялар синустық, жүрекшелік, атриовентрикулярлық және қарыншалық болып бөлінеді. Науқастар жүректің қатты соғып, содан кейін тоқтап қалғанын сезінеді. Емі. Экстрасистоланы тудырып отырған себептің емі болып табылады. Пароксизмді тахикардия – бұл кенеттен басталып және дәл солай басылатын жүрек соғысының жиіленетіні. Ұстама кезінде жүрек соғысы 160-220-ға дейін барады. Әкеліп соқтыратын факторларға қозу, физикалық зорығу, ішімдік қолдану т.б.жатады. Жүрек соғуы бірден жиілеп, көкірек тұсын сыққандай сезім пайда болады. Егер ұстама ұзақ уақытқа созылса, жүректің қанды айдау күші әлсізденіп, қан қысымы төмендейді. Науқас әлсізденеді, естен танады, жүрек әлсіздігі байқалады (жүрек қыспасы, миокард инфаркты) Емі. Ұстаманы басу үшін кезбе жүйкесінің тонусын жоғарылататын шаралар қолданады: каротид синусының аймағын уқалау, күшену, көз алмасын қолмен басу. Ауыр жағдайларда көк тамырға кордорон 300 мг 5 минут кем емес, новокаинамид 1гр 5 минут кем емес енгізеді. Жүрекше жыбыры. Бұл жағдай жүрекше мен қарыншаның үйлесімді жұмысының бұзылуымен сипатталады. Осы себептен қан айналымы нашарлап, оның жеткіліксіздігі дамиды. Жүрекше жыбыры көбінесе жүрек ақауларында, атеросклерозда, тиреотоксикозда кездеседі. Науқастар жалпы әлсіздікке, ентігуге, жүрек соғуына шағымданады. Жүрекше дірілі. Жүрекшенің систоласы сақталады, бірақ жүрекше жиырылуының тым жиілігінен ол әлсіз. Науқас ентігуге және жүрек маңайында жағымсыз сезімнің пайда болуына шағымданады. Емі. Жүрек жыбыры мен дірілінің ұстамасын басу үшін көк тамырға кордорон 300-450мг, изоптин 10-15мг, новокаинамид 500мг, аймалин 50-100мг (5-7-10 мин. кем емес) енгізеді. Барлық аталған дәрілерді 20мл NaCl ерітіндісімен қосып енгізеді. Жүрек жыбыры мен дірілін алдын алу үшін хинидин, В-блокаторларды, изоптин препараттарын қолданады. Қарыншалар жыбыры мен дірілі. Қарыншалардың жеке талшықтарының үйлесімсіз жиырылуымен сипатталады. Электр тоғының, уланудың, миокард инфарктының әсерінен болуы мүмкін. Науқас есінен танады, қан қысымы білінбей кетеді, пульс анықталмайды, жүрек дыбыстары естілмейді. Бұл жағдай 5 минуттен асып кетсе, науқас өліп кетуі мүмкін. Емі. Шұғыл шараларға жүректің массажы, жасанды дем алдыру және электрлік дефибрилляция жатады. Жүректің өткізгіштік қасиетінің бұзылуы. Бұндай жағдай (блокадалар) электрлік қозу процесінің миокардқа тарауы бұзылғанда байқалады. Әкеліп соқтыратын жағдайларға миокардит, миокард инфаркты, атеросклероз т.б. аурулар жатады. Блокадалардың бірнеше түрлері бар: синоаурикулярлық, жүрекшелік, атриовентрикулярлық, Гис тармақтарының блокадасы. Науқастың жағдайы блокаданың дәрежесіне байланысты. Неғұрлым импульстар сирек өтсе, соғұрлым қан айналымы нашарлайды. Жүрек қызметінің үзілісі өте созылған кезде Морганьи – Эдем - Стокс синдромы дамиды (науқас есінен танады, қан қысымы анықталмайды, брадикардия). Емі. Айқын жағдайларда атропин, симпатомиметиктерді қолданады. Морганьи – Эдем - Стокс синдромында науқастарға жасанды ырғақ жетекшісін имплантациялайды.
4.12. Жіті жүрек жеткіліксіздігі
Жүрек – тамыр жүйелерінің ауруларында жиі шұғыл медициналық көмек көрсетуді қажет етеді. Науқастың жанынан табылатын бірінші медицина қызметкері мейірбике болып табылады. Көптеген жағдайларда дәрігерлік пункттың алыстығына байланысты, ол жалғыз медицина қызметкері болып табылады. Сондықтан да науқастың денсаулығы мен өміріне жауапты болады. Оның білімі мен әр жағдайдағы іскерлігі, шұғыл жағдайларда дәл, нақты, дұрыс әрекет жасауы аурудың соңы мен науқастың өміріне әсер етеді. Аурухана мен емхананың мейірбикесі жиі көмекті өз бетімен көрсетеді. Қарқынды терапия жүргізгенде де мейірбикенің ролі зор, яғни науқастың өміріне қауіп туғызатын өмірге қажет аса маңызды ағзаның қызметінің бұзылыстарын емдеу және алдын алу шараларын жүргізу. Сондықтан мейірбике науқастың жағдайын нақты, дәл, дұрыс бағалай алуы керек, дер кезінде көмек көрсете алып, науқастың әрі қарайғы күтімін жүзеге асыру. Жүрек жеткіліксіздігі сол және оң қарыншалық белгілерден құралады. Жүректік астма. Жүректік астма тұншығуға әкелетін, кенеттен пайда болған демікпе ұстамасымен болатын, жіті пайда болатын солжақ қарыншаның жетіспеушілігінің клиникалық көрінісі. Сондықтан кіші қан айналу шеңберінде қан тұрып, жиналып қалады және өкпеде газ алмасу дәрісі бұзылып, көмірқышқыл құрамы көбейіп, артериалды қанда оттегі деңгейі төмендейді. Мүшелерде, әсіресе орталық жүйке жүйесінде қанмен қамтамасыз етуі азаяды. Дем орталығының қозуы көбейіп, тұншығуға, демікпенің дамуына әкеледі. Өкпедегі қанның тұрып қалуы бронхтың рефлекторлы түрде тарылып қалуына байланысты. Ол саңылауларынан шырышты сұйықтықтың сыртқа шығып, өкпе шеменіне әкеліп соқтырады. Жүректік астма артериалды гипертензиясы бар, миокард инфаркты, кардиосклероз, миокардит, жүректің қолқа ақауы және митраль қақпақшасының стенозы бар науқастарда болады, бас миының қан айналымы бұзылған, бас миының қан айналысының жетіспеушілігі дем орталығына әсер етіп, кардиосклерозбен қосылып жүректік астмаға әкеледі. Жүректік астма ұстамасы әдетті түрде түнде ұйқы кезінде дамиды. Науқас кенеттен ауаның жетіспеушілігінен (тұншығудан) және өлім қорқынышынан оянып кетеді. Тұншығу кей кезде қатты жөтелумен сипатталады. Науқасқа оттегінің жетіспеушілігі соншалықты, дем алу үшін науқасты төсекке отыруға мәжбүрлеп, аяғын төмен қарай түсіріп немесе ашық тұрған терезеге барып қана дем ала алады (егер жағдайы осыған жетсе). Науқас төсекте отырған кезде кереуеттің екі жанынан ұсталып отырады. Ұстаманың алғашқы кезеңдерінде науқастың бетінен қорқыныш сезімін, көзінің үлкейгендігін, мазасыздықты көріп, байқауға болады. Тері және терінің шырышты қабаттарында ақшыл түс содан кейін көгеру пайда болады. Науқастан сонымен қатар қатты терлегенін, мойын көк тамырларының үлкейіп, шығып тұрғанын байқауға болады. Оттегінің жетіспеушілігі аралас мінездемелермен сиаптталады. Созылмалы жөтелдің болуы әсерінен қақырық қан аралас болмады. Тамыр соғуы жиі, кейде аритмиялық. Қан қысымы ұстаманың алғашқы кезінде қалыпта болып, содан кейін күрт түсіп есеңгіреуге дейін әкелуі мүмкін. Қан қысымының төмендеуінен қан тамырының қанмен толықсуы төмендеп, жүректің тонусы естілмейді. Дерт анықтамасын қоюға көмектесетін негіз ол тыныс алу мүшелеріндегі өзгерістер болып табылады. Демнің 1 минуттағы көрсеткіші 40 – 60 –қа дейін барады. Өкпенің төменгі жағында дымқыл сырылдар естіледі. Жүректік астманың өту ағымы мен болжамы әртүрлі айырмашылықтармен сипатталады. Мұның себебі, жүрек астмасының бір ұстамасы кенеттен басталса, ал екінші ұстаманың бір түрі науқастың жүрек соғуының жиілеуі, оттегі жетіспеушілігінен, құрғақ жөтелдің болуы, жалпы жағдайының нашарлауымен сипатталады. Кейде ұстама біршама ұзақ уақытқа созылып, өкпенің ісінуіне, есеңгіреуге, дем алу орталығының тежеліп, бұзылуына әкелуі мүмкін. Осы кезде, яғни жүрек демікпесінің ұстамасында дұрыс шұғыл жәрдем шараларын өткізу керек. Емдік, күтім шараларын нақты түрде өткізе алу үшін жүректік астманың ұстамасын бронхтық астманың ұстамасынан айыра білу медицина қызметкеріне өте маңызды болып табылады. Шұғыл жәрдем көрсету. Шұғыл жәрдем көрсету кезінде маңызды шаралар: орталық дем алудағы қозуды азайту, кіші қан айналу жүйесіндегі қанның кідіріп қалуын азайту, миокардтың жиырылу қабілеттілігін көбейту. Науқасты толық немесе жартылай отырғызып, тыныштандырып, қысып тұрған киімдерін шешу, бөлмеге таза ауа жіберіп, ұзақ уақытқа созбай науқасқа оттегі ингаляциясын өткізу. Орталық дем алу жүйесінің қозуына қарсы дәрігердің нұсқауы бойынша тері асты арқылы морфин ерітіндісін немесе 1 мл 2% амнопон ерітіндісін егеді, ал тахикардия білінсе 1мл - 1% димедрол ерітіндісін супрастинмен немесе пипольфенмен бірге жібереді. Қан айналысын жақсарту үшін және тамырдың тонусын нығайту ретінде 2 мл кордиамин, 10% коразол және 2 – 4 мл 20% камфор дәрілерін міндетті түрде енгізілуі тиіс. Дәрігерге дейінгі шаралардың бір түрі өкпедегі қанның кідіріп, тұрып қалуына қарсы бағытталған. Қан қысымының қалыпты немесе жоғары кезінде көк тамырлы ширақ салу немесе өкпедегі қанның кідірмеуіне қарсы аяққа қыша, жылы ваннасын қолдануға болады. Қан қысымы көтерілген кезде дәрігердің тағайындауымен көк тамыр арқылы 2,4% эуфиллин 10мл, 10 – 15 мл натрий хлоридтің изотоникалық ерітіндісін және ганглиоблокаторларды қолданғаннан өте жақсы нәтижені көруге мүмкіндік туғызады. Орта білімді медицина қызметкері дәрігердің нұсқауы бойынша 10мл 25% магний сульфат ерітіндісін бұлшық етке, 8 –6 мл 0,5% дибазол ерітіндісін көк тамыр арқылы енгізеді. Мұнда айта кететін бір жай ол қан қысымы төмендегенде, есеңгіреу кезінде қолданатын көк тамырлы ширақты салу, қан қысымын түсіру үшін тағайындалған дәрілер қарама – қарсы әсер ететінін естен шығармаған абзал. Жүрек бұлшық етінің жиырылу қабілетін көтеру үшін шұғыл жәрдемдегі қолданатын міндетті түрдегі шара жүрек гликозидтерін қолдану болып табылады. Шұғыл жәрдемді көрсету ұзақ уақытқа созылған жағдайда өкпенің ісінуінің дамуына және өлімге әкелуі мүмкін. Жүрек демікпесінің ұстама кезінде науқастарға жиі строфантин 0,3 – 0,5 мл 0,05% ерітіндісін, немесе корглюкон 0,5 – 1,0мл 0,06% ерітіндісін 20 мл 40% глюкоза ерітіндісімен бірге немесе изотоникалық натрий хлоридтің ерітіндісін тағайындап көк тамырға енгізеді. Жоғарыда аталған дәрі- дәрмектердің терапиялық әсері шамамен 10 – 15 минуттан кейін басталады. Егер де дәрілердің әсері жеткіліксіз болса және өкпе ісігінің алғашқы белгілері біліне бастаса, онда оттегіні спиртпен, зәр шығаратын дәрілерді тез арада қолдану керек. Жүректік астманың ұстамасы ауыр кезеңде өтсе, онда науқасты жедел терапия бөліміне зембілге жартылай отырғызу арқылы ауруханаға жеткізеді. Егер де тез арада тиісті ауруханаға жеткізу мүмкін болмаған жағдайда, онда науқасты үнемі қадағалап, бақылауға алу және сол жерде қолдан келетін барлық медициналық шараларды өткізуді ұйымдастырылады. Өкпе шемені. Өкпе шемені - өкпе тініне шырышты сұйықтықтың жиналып қалуын айтады. Бұл өкпе шеменіне қатысты клиникалық сипаттамасы - ол ауыр түрдегі ұстамалы тұншығу және науқастың өміріне қауіп төндіруі болып табылады. Өкпе шемені жүрек демікпесінің әсерінен пайда болмай, сондай – ақ аяқ астынан дамуы да мүмкін. Сонымен қатар өкпе шемені крупты пневмониядан, кеуде және бас жарақатынан, бүйректің созылмалы ауруларынан, ми қан айналысының өткір бұзылуынан, күрделі аллергиялық серпілістерден, ауыр жұқпалы уыттану ауруларының және уытты өкпе ісінуінің әсерлерінен дамуы мүмкін. Өкпе ісінуінің патогенездік айырмашылықтарына қарамастан клиникалық көрінісі негізінде біртекті болып өтеді. Жүректік астманың қарқынды ұстамасы науқастың қатты қиналып тұншығуына және ақшыл – қызыл түсті көп мөлшердегі көпіршік тәрізді қақырықтың бөлінуіне әкеліп соғады. Кейде науқас өз қақырығына тұншығуы мүмкін. Өкпені тыңдаған кезде дымқыл сырылдар естіледі. Қан қысымының төмендеуі, қан тамырының толықсуының азаюы, тахикардия, жүректің тонусы әлсіз болады. Шұғыл көмек.Ерте, уақтылы көрсетілген шұғыл көмектің нәтижесі анағұрлым тиімді, жағымды болады. Бұл кездегі мейірбикенің басты мақсаты- ол кардиологиялық топтан құрылған арнайы мамандырылған медицина қызметкерлерін шақыру болып табылады. Шұғыл көмек келесі мақсаттық шараларды өткізуге бағытталған: · тыныс алу жолдарын тазалап, қалпына келтіру; · тіндерге оттегінің жетіспеушілігіне қарсы оттегі қамтамасыз ету; · орталық тыныс алу жүйесінің қозуын азайту; · кіші қан шеңберлеріндегі қанның тұрып қалуын азайту үшін өткізілетін шаралар; · миокардтың жиырылу қабілетін жақсарту; · өкпедегі капиллярдың қабырғасының өткізгіштігін азайту. Әуелі науқасқа тыныштықты туғызу, содан соң науқасты жылыту, жартылай қалыпта отырғызып дәке тампонымен ауыз қуысын тазалау. Бұдан кейін тыныс алу мүшелерінің өткізгіші қалпына келген соң, оттегі беруге көшеді. Көпіршіктің пайда болуына қарсы оттегіні 70 - 96% этил спиртімен дымқылдатып немесе антифомсилан арқылы жібереді. Тері астына 1мл - 1% морфин ерітіндісін димедролмен және атропинмен бірге жібереді. Өкпедегі қанның ұйып қалуына, қанның таралуына қарсы көк тамырлы ширақ салады. Көк тамыр арқылы жүрек гликозидтерін енгізеді. Міндетті түрде зәр шығаратын және дегидратациялық (сусыздану) дәрілерді тағайындайды. Капиллярдың өткізгіш қабілетінің жоғарылауына қарсы антигистаминді дәрілерді, аскорбин қышқылын, кальций хлоридін және глюкокортикоидтық гормондарды қолданады. Өкпе шеменінің клиникалық көрінісі білінісімен, науқасты жартылай қалыпта отырғызып, ауруханаға тасымалдап, жандандыру бөлімшесіне немесе қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызады. Бақылау сұрақтары: 1. Жіті жүрек жеткіліксіздігінің қандай түрлері бар? 2. Сырқатқа әкеліп соқтыратын себептерді айтыңыз. 3. Кіші қан айналым шеңберін еске түсіріңіз. 4. Осы жағдайда газ алмасу дәрісі не себептен бұзылады? 5. Жүрек демікпесінің клиникалық бейнесіне сипаттама беріңіз. 6. Өкпе шеменінің ерекше клиникалық белгілеріне не жатады? 7. Жедел жәрдем қағидасы не болып табылады? 8. Жүрек гликозидтерінің әсерін айтып беріңіз. 9. Жіті жүрек жеткіліксіздігінде оттегіні қандай мақсатпен қолданады? 4.13. Жіті тамыр жеткіліксіздігі
Естен тану.Естен тану бұл жүрек және дем алу жүйелерінің әлсіздігімен және бас ми тамырының жедел шамасыздығынан болатын естің қысқа уақытқа айырылуы. Естен тануға әкелетін себептер: психикалық әртүрлі күйзелістер, аяқ астынан пайда болатын аурулардың салдары, ұзақ уақытқа созылған селқостық, жанұясының жалпы әлеуметтік жағдайы, әртүлі жұқпалы аурулар, әртүрлі уланулар, көп мөлшерде қан жоғалтқанда, сонымен қатар жүрек қан тамырлар жүйесінің аурулары. Бұл жағдайдың түпкі себебі миға толық түрде қысқа уақыт ішінде оттегінің жетіспеушілігі. Клиникалық бейнесі. Аяқ астынан жалпы жағдайы бұзылып, басы айналып, құлағы шулайды, көзі қарауытып, бұлдырлайды. Әртүрлі психикалық факторлардың әсерінен науқас бірнеше секундтан бірнеше минутқа дейін есін жоғалтады. Науқастың терісі боз, суық. Көз қарашығы кішірейген, жарыққа серпілісі жоқ. Тамыр соғуы әлсіз, брадикардия білінеді. Қан қысымы қалыпты немесе сәл төмендейді. Шұғыл көмек. Науқастың аяғын сәл көтеріп, басын төмендетіп, қысып тұрған киімін шешіп, бөлмеге таза ауа жібереді. Бетке және кеудеге салқын су сеуіп, нашатыр спиртімен самайын және кеудесін ысқылайды. Сонымен қатар- нашатыр спиртін иіскетуге болады. Аяғына рефлекторлы әсер ету үшін жылытқыш қояды. Егер естен тану ұзақуақытқа созылған болса, тері астына 2 мл - 10% кофеин ерітіндісін немесе 2 мл кордиамин ерітіндісін енгізеді. Науқастың есі орнына келген соң физикалық және психикалық жағдайын туғызған жөн. Есеңгіреу.Бұл жіті тамыр жеткіліксіздігінің ауыр түрінің бірі. Есеңгіреуде шеткі қан қысымының бұзылуынан қан қысымы күрт төмендеп, бүкіл ағзадағы мүшелердің қанмен қамтамасыз етілу дәрісі бұзылады. Есеңгіреуге әкеліп соқтыратын себептерге жіті миокард инфаркты, жұқпалы аурулар, улану жағдайлары, қанның көп мөлшерде бірден жоғалуы, дене қызуының күрт төмендеуі жатады. Клиникалық бейнесі. Әуелі әлсіздік, содан соң бастың айналуы, басының ауыруы, құлағының шулауы білінеді. Науқастың көзінің алдында елес пайда болады, көзінің көруі төмендейді, аяқ қолдары мұздайды. Негізінде науқастың есі сақталады, бірақ науқастар тежелгіш болып келеді, қоршаған ортаға араласпайды, аяқ қолдары мен бет бұлшық еттерінде дірілдеу байқалуы мүмкін. Рефлекстері бастапқыда төмендеп, содан соң жоғалып кетеді, көз қарашығы кеңейеді, жүрек жұмысының қабілеті әлсізденіп, науқас өліп кетуі мүмкін. Терісі және көзге көрінетін шырышты қабаттары бастапқыда ақшыл түсті, ал содан соң жабысқақ тер білінеді. Науқастың ерні, қолының саусақтары, аяқтары көгере бастайды. Бет әлпеті өзгеріп, көз қарашығы кішірейеді. Тері асты көк тамырлары босаңсып, анықталуы қиындайды. Білек артериясында тамыр соғуы жиі және әлсіз. Дем алуы беткей, жүректің жұмысы әлсізденіп, дыбысы жөнді естілмейді, артериялық қан қысымы төмендейді. Шұғыл көмек.Ең әуелі осы есеңгіреуге әкеліп соққан себептерді анықтап, оларды табу. Бір мезетте қан тамырларының тонусын, қан қысымын, жүрек жұмысының қабілетін және қан жоғалтуға қарсы бағытталған шаралар өткізілуі тиіс. Науқастың аяғын сәл көтеріп, көлденең қалыпта төсекке жатқызып, науқасқа толық тыныштық жағдайын туғызу. Науқасты жылылап орап, аяғына жылытқыш қойып, бөлмеге таза ауаның енуін қамтамасыз ету, оттегін беру. Қан тамырының тонусын көтеру үшін бұлшық ет арқылы 2 мл кордиамин, тері астына 2 мл кофеин ерітіндісін енгізеді. Бұл дәрілер ешқандай әсер бермесе, онда бұлшық ет арқылы 1мл - 1% мезатон ерітіндісін жібереді. Ауыр жағдайда науқастың көк тамырына 0,1% - 0,5 мл норадреналин ерітіндісін 5% - 200 мл глюкоза ерітіндісімен қосып тамшы ретінде жібереді. Қан қысымын 5 – 10 минут сайын қадағалап отыру керек. Көк тамырға тамшылатып жіберу кезіндегі тамшының 1 минуттағы көрсеткіш саны 20 рет болу керек. Сонымен қатар көк тамырға 60 – 90 мг преднизалонды тамшы ретінде жібереді. Геморрагиялық есеңгіреуде ең алдымен қанды тоқтатып, шоктың алдын алу үшін көк тамыр арқылы 300 –500 мл сұйықтықты жібереді. Сонымен қатар қан алмастырулар ерітіндісін (сары су, полиглюкин, реополиглюкин) гемодез және т.б. қолданады. Есеңгіреуге ұшыраған науқасқа арнайы мамандандырылған кардиологиялық топты шақырады.
Бақылау сұрақтары: 1. Естен тануға, есеңгіреуге жалпы түсініктеме беріңіз. 2. Естен тануға әкеліп соқтыратын себептердің тізімін беріңіз. 3. Есеңгіреуге әкеліп соқтыратын себептерді атап шығыңыз. 4. Естен танудың клиникалық бейнесін айтыңыз. 5. Есеңгіреуде науқастың гемодинамикасы қалай өзгереді? 6. Шұғыл жәрдемі қандай? 7. Сізге таныс қан қысымын көтеретін дәрілерді атаңыз.
4.14. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі
Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дегеніміз – ағзалар мен тіндердің қалыпты жағдайда жұмысын атқаруына керекті қан көлемімен қан айналым жүйесі қамтамасыз ете алмайтын патологиялық жағдай. Қан айналымы шамасыздығының дамуы негізінде қан қысымының көтерілуі, жүрек қуыстарында қан көлемінің артуы немесе миокардтың жиырылу қабілетінің әлсіреуі. |
||
Последнее изменение этой страницы: 2018-04-12; просмотров: 680. stydopedya.ru не претендует на авторское право материалов, которые вылажены, но предоставляет бесплатный доступ к ним. В случае нарушения авторского права или персональных данных напишите сюда... |