Студопедия КАТЕГОРИИ: АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
Туберкулез туралы не білу керек? 5 страница
Бақылау сұрақтары: 1. Сырқатқа жалпы түсініктеме беріңіз. 2. Ауруға әкеліп соқтыратын болжамды факторларды атаңыз. 3. Сырқаттың клиникалық бейнесіндегі басты ерекшеліктерінің негізі. 4. Сырқаттың дерт анықтамасын жүргізу үшін қандай зертханалық және аспаптық тексеру әдістерін қолданады? 5. Сырқаттың емдік қағидасының негізін айтып шығыңыз. Плеврит Плеврит дегеніміз - өкпе қабының (плевраның) қабынуы. Плевра қабы ісініп, оның үстіне фибрин талшықтары жиналады немесе плевра қабтарының арасына әртүрлі өкпе ауруларының салдарынан болған сұйықтықтар жиналады. Жіктемесі. Барлық плевриттер себебіне қарай 2 үлкен топқа бөлінеді: жұқпалық (плевраға жұқпаның түсуінен дамиды) және жұқпалы емес, асептикалық түрі (плевра патогенді жұқпаның қатысуынсыз қабынады). Жұқпалы плеврит жиі өкпе қабынуында, туберкулезде кездеседі, ал асептикалық плеврит ісік ауруларында дамиды. Қабынуына байланысты плевриттер құрғақ және экссудатты болады. Этиологиялық тегіне байланысты туберкулездік, пневмониялық, ісіктік болып табылады. Құрғақ плеврит Этиологиясы. Көбінесе өкпе аурулары әкеліп соқтырады (пневмония, өкпе абсцессі), туберкулез және ревматизм, коллагеноздар туындайды. Патогенезі. Плевра қабы ісініп, қызарып, қалыңдайды. Олардың бетіне фибрин жіпшелері түзіледі. Дем алғанда плевра қабықшалары бір – біріне үйкеліп, ауырсынуды туғызады, тыныс алу дәрісі бұзылады. Клиникалық бейнесі. Ауру кенет басталады. Сырқаттың басты негізгі белгісі ауырсыну болып табылады. Түшкіргенде, жөтелгенде, терең дем алғанда ауырсыну күшейеді. Кеуденің бұлшық еттері мен жүйке талшықтары да жиі қабынады. Сырқаттың жағдайы нашарлап әлсізденеді, дене қызуы субфебрильді болып көтеріледі, науқас ентігіп үстірт дем алады. Науқас кеудесінің қабынған жағын ауырсынуын үдемеуі үшін төсекке зақымданған қырымен жатады. Дем алғанда кеуденің зақымданған жағы сау жағына қарағанда демнен қалып отырады. Перкуссияда өкпе дыбысы сәл қысқарады, өкпе қозғалысы зақымданған жақта белгілі бір түрде шектелумен болады. Сырқаттың дерт анықтамалық негізгі белгісінің бірі – плевраның үйкелу дыбысының естілуі. Бұл шуыл қатты дем алғанда жақсы естіледі, ауаны жұтқанда және шығарғанда анықталады. Ағымы. Құрғақ плеврит көбінесе жеңіл түрде өтеді. Кеуденің ауырсынуы орта есеппен 7 – 10 күнге созылады, жалпы тербелуі 2-3 күннен 3 аптаға дейін. Жалпы қан анализінде: лейкоцитоз білінеді, эритроциттердің тұну жылдамдығы артады. Қан анализіндегі өзгерістер негізінде құрғақ плевритке әкеліп соққан аурумен байланысты. Дерт анықтамасы. Сырқаттың екі негізгі белгісі нақты түрде анықталғанда диагноз қою жеңілдейді. Кеуде қуысының дем алғанда ауырсынуы және плевраның үйкелгендегі дыбыстың естілуі осы екі негізгі белгілерге жатады. Болжамы. Құрғақ плевритте болжамы жағымды, дұрыс уақытында ем қолданғанда барлық клиникалық көрінісіндегі белгілер ізсіз жоғалады. Емі. Плевритке әкеліп соқтырған негізгі сырқаттың емі болып табылады (өкпе қабынуы, өкпе абсцесі, туберкулез, ревматизм), яғни қабыну дәрісін басу үшін антибиотик және сульфаниламид препараттар тобы қолданылады. Ауырсынуды басу мақсатымен кеуде қуысына қысып тұратын байлам салған дұрыс. Ауырсыну қатты білініп науқас мазасызданғанда жансыздандыру дәрі-дәрмектерін қолданған жөн. Сонымен қатар кеуде қуысының қозғалысын азайтып, жөтелді басу үшін арнайы ем қолданады. Плевраның тыртығының алдын – алу үшін демдік жаттықтыру түрлерін жүргізеді.
Экссудатты плеврит Экссудатты (ылғалды) плеврит – плевра қабынып, қуысына сары судың жиналуымен сипатталатын сырқат. Өкпеқаптың арасына сары судың жиналуы нақты түрде демалу дәрісінің бұзылуына әкеліп соқтырады. Сырқаттың ағымы жиналған сары судың мөлшеріне, құрамына байланысты болады. Егер сары суда лейкоциттер жиналса, онда экссудат іріңді болады. Бұл жағдайда сырқат дем алу дәрісінің бұзылуымен қатар уыттану белгілерімен сипатталады. Ал плевраның қуысына қан құйылса, оны геморрагиялы экссудат дейді. Геморрагиялы экссудат көбінесе қатерлі ісікте, сепсисте, туберкулезде кездеседі. Плевриттің ағымы ұзақ мезгілге созылып кетсе, плевра қабықшаларының беттері қосылып бір – біріне жабысып дәнекерленеді. Әрине, бұл патологиялық жағдай дем алу дәрісін айқын түрде бұзады. Экссудатты плевритте плевра қуысына 3 литрге дейін сары су жиналуы мүмкін. Бұл кезде өкпе тіні қысылып, кеуде қуысындағы ағзаларды орнынан жылжытып, атқару қызметтеріне зиянын келтіреді. Клиникалық бейнесі. Сырқат жедел немесе біртіндеп басталуы мүмкін. Басында уыттану белгілерімен білінеді, науқас әлсізденіп басы ауырады, тамаққа тәбеті тартпайды, ұйқысы бұзылады. Кейіннен «плевралық» белгілерде байқалады. Дем алғанда кеуде қуысы қозғалыспен байланысты ауырсынады, сырқат ентігеді, жөтеледі, дене қызуы көтеріледі. Кеуде қуысы науқас жөтелген кезде, қозғалғанда, түшкіргенде ауырсына түседі. Плевра қуысына сары су жиналғанда ауырсыну сәл басылғандай болады. Дем алуы 30 – 40 рет минутына жиілейді, ауырсынуға байланысты науқастың демі беткей. Қарағанда: бет әлпеті боз, қабырға арасы тегіс немесе домбығып тұрады, дем алғанда кеуденің зақымданған жағы сау жағына қарағанда демнен қалып отырады. Науқас ыңғайлы жағдай іздейді, зақымданған қырымен жатады (кеуденің қозғалысын азайту үшін). Перкуторлық тексерісте: сары су жиналған жерде өкпе дыбысы топастанған болып келеді. Оның жоғарғы шекарасы дөңес, ең жоғарғы шеті – жауырынның және артқы қолтық сызықтың арасы болып саналады (Дамуазо сызығы). Аускультацияда дем дыбысы зақымданған аймақта жай сезіледі. Егерде сары су көп мөлшерде жиналса, онда жүрек оң жаққа қарай жылжиды, тахикардия білінеді, қан қысымы сәл көтеріледі. Рентген тексерісінде: сары су жиналған жерде өкпенің гомогендік қараюы білінеді. Жалпы қан анализінде лейкоцитоз білінеді, ЭТЖ артады (30 – 60 мм сағатына).
11 сурет.Өкпеқаптың қабынуындағы перкуссия көрсеткіштері. 1- Дамуазо сызығы 2 - қысылғын өкпенің аймағы 3 - көкірек орталығының орналасуы 4 - экссудаттың жиналған орны
Ағымы. Қолданылған ем нәтижесінде 1 – 1,5 айда экссудат толық таралады. Қарт адамдарда, жүкті әйелдерде және әлсізденген науқастарда экссудаттың таралуы көп уақытқа созылады, бірнеше ай ішінде экссудат толығымен таралуы мүмкін, кейде таралмай плевралық бірікпелерді тудырады. Дерт анықтамасы. Сырқаттың диагнозы науқас шағымдары арқылы анықталады, негізгі перкуторлық және аускультациялық өзгерістер көмегімен анықтауға мүмкіндік береді. Рентген суретінің көрсеткіш нәтижесі маңызды роль атқарады. Дерт анықтамалық және емдік ретінде плевралдық пункция жасалады.
12 сурет. Экссудатты плевриттің рентгенограммасы Емі. Экссудатты плевриттің емі негізгі сырқатқа – туберкулезге, өкпе қабынуына, өкпе қатерлі ісігіне байланыста бағытталынған. Науқас қатаң төсек тәртібін сақтап, құнарлы тағамдармен тамақтанады. Қабынуға қарсы антибактериалды ем қолданылады. Десенсибилизациялық ем жүргізіледі, ағзаның сезімталдығын реттейтін, жөтелді басатын дәрі – дәрмектерді қолданады. Сары су көп мөлшерде жиналып таралмаса, плевраны тесіп, сары суды сыртқа шығарады. Плевралдық бірікпелерді болдырмау үшін демдік жаттығулар жүргізіледі. Алдын алуы. Аурудың алдын алуы плевритке әкеліп соғатын өкпе ауруларын уақытында емдеген жөн, біріншіден ол өкпе туберкулезі. Сонымен бірге ағзаның физиологиялық жағдайын күшейтіп, иммун жүйесін көтерген дұрыс. Темекіден және ішімдіктен бас тарту. Плевритпен ауырған науқас есепке алынып, диспансерлік нұсқау бойынша қаралып отырады.
Бақылау сұрақтары: 1. Сырқаттың жалпы түсініктемесін беріңіз. 2. Сырқатқа әкеліп соқтыратын себептерді атаңыз. 3. Құрғақ және эксудатты өкпеқаптың қабынуының клиникалық бейнесіндегі ерекше деген белгілеріне қысқаша сипаттама беріңіз. 4. Сырқаттың рентген суретіндегі көрінісін айтып шығыңыз. 5. Сырқаттың емдік қағидасының негізі. 6. Өкпеқап сырқатында пункцияны қандай мақсатпен өткізеді? 7. Демдік жаттығуларын қандай мақсатпен қолданады?
3.15. Өкпелік жүрек Өкпелік жүрек деп бронх өкпе аппаратының қызметі бұзылып, өкпенің қан тамырларында қысым көтерілгендіктен жүректің оң жақ бөліктерінің ұлғаюымен сипатталатын патологиялық жағдайды айтады. Бұл жағдайда ағзаның оттегі мен коректік заттармен қамтамасыз етуі бұзылады. Дамуына байланысты өкпелік жүрек жіті және созылмалы түрде болады.
Жіті өкпелік жүрек Жіті өкпелік жүрекке әкеліп соқтыратын себептерге өкпе артериясының эмболиясы, бронх демікпесінің ұстамасы, өкпенің ауыр түрде өтетін крупты қабынуы жатады. Айтып кеткен себептердің әсерінен кіші қан айналым шеңберінде қанның қысымы жоғарылап, жүректің оң бөлігіне күш түседі. Альвеолаларға сұйықтық жиналып, газ алмасу дәрісі күрт бұзылады. Клиникалық бейнесі. Негізінде жіті өкпелік жүрек тез арада дамиды.Науқас кенеттен ентіге бастайды. Терісі көгеріп, кеудесі қатты ауырсынады. Қарағанда мойын көк тамырлары қанға толып айқын білінеді. Аускультацияда демнің әлсірегені анықталады, өкпеде құрғақ және ылғалды сырыл естіледі. Жүрек жұмысының ырғақтылығы бұзылып, науқасқа ауа жетпей мазасызданады. Қанда лейкоцитоз көбейеді, ЭТЖ артады. Фибриноген, гамма-глобулин, С-белсеңді нәруыз және сиал қышқылдардың мөлшері көбейеді. Рентгенде өкпе түбірінің сұлбасы кеңейіп, жалпы бейнесі ашық түсті болады. Көкеттің күмбезі жоғарылап, көк тамырлар мен жүректің оң бөліктері ұлғаяды. Дерт анықтамасын жүргізгенде сырқаттың кенеттен басталып, кеуде қуысының қатты ауырсынуына, науқастың ауа жетпей ентігуіне сүйене отырып диагноз қояды. Емі. Сырқаттың негізгі ем қағидалары ауырсынуды жойып, өкпе артериясындағы қысымды төмендетіп, жүрек жұмысын жақсартуға бағытталған. Жіті өкпелік жүректің бастапқы кезеңінен бастап қанды ұйытпайтын дәрі-дәрмектерді қолданады. Осы мақсатпен гепарин ерітіндісінің 20000-25000 бірлігін көк тамырға, содан кейін әр 6 сағат сайын 5000-10000 бірліктен терінің астына егеді. Қанның ұю мерзімін зертханалық тексеріспен анықтап отыру керек. Бұл емнің мерзімі 7 – 10 күндей. Созылмалы өкпелік жүрек Көптеген тыныс алу мүшелерінің аурулары созылмалы өкпелік жүректің дамуына әкеліп соғуы мүмкін. Айтып кеткенде созылмалы өкпелік жүректің дамуына бронх демікпесі, өкпе қатерлі ісігі, созылмалы бронх обструкциялық сырқаттары себеп болады. Осы аурулар барысының нәтижесінде кіші қан айналым шеңберінде қысым жоғарылайды, жүректің оң бөлігіне күш түседі. Альвеолаларда газ алмасу дәрісі бұзылып, артериялық қанда оттегі мөлшері азаяды. Кеуде қуысының қысымы артады, тыныс алу қиындайды. Клиникалық бейнесі. Негізгі клиникалық белгілері жүрек жұмысының жеткіліксіздігімен сипатталады. Созылмалы өкпелік жүректің бастапқы кезеңінде жүрек қызметі жеткілікті. Аурудың клиникасы себепші сырқаттың белгілерімен сипатталады. Тексергенде оң қарыншаның ұлғайғаны анықталынып, құрсақ үсті бұрышынан жүрек лүпілі көрінеді. Жүрек жұмысының жеткіліксіздігі дамыған жағдайда созылмалы өкпелік жүректің белгілері айқын көрініс береді.Науқастың тынысы тарылып, ентігеді. Жалпы диффузды цианоз білінеді. Мойын көк тамырлары қанға толып, айқын білінеді. Жүрек жиі қағады, аяқтары ісінеді. Бауыр ұлғайып ауырсынады, қозғалыс қабілеті төмендейді. Жүрек жұмысының жеткіліксіздігінің соңында ағзаның бүкіл мүшелері зақымданады, гипоксия өршіп ацидоз дамиды. Қан анализінде эритроциттер мен гемоглобин мөлшері көбейеді, ЭТЖ 2-4 мм/сағ дейін бәсеңдейді. Емі. Негізгі ем қағидалары кіші қан айналым шеңберінде қысымды төмендетіп жүрек жұмысын жақсарту болып табылады. Осы мақсатпен көк тамырға 2,4% –10 мл эуфиллин ерітіндісін жібереді. Жүрек жұмысын жақсарту мақсатымен жүрек гликозидтерін (строфантин, корглюкон ерітінділерін, дигоксин, дигитоксин табл.) тағайындайды. Сонымен қатар зәр айдайтын дәрі-дәрмектерді (гипотиазид, верошпирон) қолданған жөн. Гипоксияда оттегі берген тиіс. Оттегі тапшылығында қанда көмір қышқылының мөлшері көбейіп, ол тыныс орталығын қоздырады. Сондықтан оттегімен емдегенде фосфор қышқылы және сілтілердің ара қатысын мұқият қадағалап отыру қажет: газ қоспасындағы ылғалды оттегінің мөлшері 40-60% болуға тиісті. Бұл қоспа катетермен мұрын арқылы 6-9 литр/мин 15-20 минут жіберіледі. Тыныс орталығын тітіркендіру үшін әр 2-3 сағат сайын 2 мл кордиамин немесе камфора ерітінділері тері астына жіберіледі. Алдын алуы. Созылмалы өкпелік жүректің алдын алу үшін тыныс алу мүшелерінің сырқаттарын уақытында дұрыс емдеген жөн, жағымсыз қылықтардан аулақ болу керек. Физикалық күш түсіруге ағзаны бейімдету жөн. Болжамы. Өкпелік жүрек жеткіліксіздігінде ем уақытында жүргізіліп отырса науқас өзін қанағаттанарлық күйде сезінеді.
Бақылау сұрақтары: 1. «Өкпелік жүрек» деген терминді қалай түсінесіз? 2. Сырқаттың патогенезіне түсініктеме беріңіз. 3. Жіті өкпелік жүректің дамуына әкеліп соқтыратын себептерді айтып шығыңыз. Клиникалық белгілеріне қысқаша сипаттама беріңіз. 4. Созылмалы өкпелік жүректің дамуына әкеліп соқтыратын себептерді айтып шығыңыз. Клиникалық көрінісіне қысқаша сипаттама беріңіз. 5. Өкпелік жүректің ем қағидасын айтып шығыңыз. 6. Алдын алу шараларына түсінік беріңіз.
3.16.Тыныс алу мүшелерінің ауруларындағы мейірбике жұмысының ерекшеліктері
Мейірбике дем алу ағзаларының ауруларындағы негізгі шағымдар мен симптомдарды білу керек, аурудың басталуы мен дамуын айыра білу керек, өкпе ауруларының емдеу қағидалары мен алдын алуын, өкпе ауруымен ауыратын науқастарды күту мен бақылау ерекшеліктерін білу керек. Өкпе ауруларымен ауыратын адамдар дем алу ағза функцияларының бұзылыстарына байланысты мәселелермен жиі кездеседі. Олар ентігеді, жиі дем шығара алмай қиналады, құрғақ немесе әртүрлі қақырықты жөтел, жөтелгенде, түшкіргенде күшейетін кеуде қуысының ауруы, қан түкіру мазалайды. Сонымен қатар уыттану белгілері байқалады: әлсіздік, немқұрайдылық, бастың ауруы, дене қызуының көтерілуі, тәбетінің төмендеуі және тағы басқа. Өкпенің іріңді ауруларымен ауыратын науқастарда көп мөлшерде жағымсыз иісті қақырық бөлінуі мүмкін, сол себепті өзін ыңғайсыз сезініп ұялуы мүмкін. Науқастар тітіркенгіш, қозғыш, қобалжығыш болады. Мейірбике науқастың жағдайын түсініп оған қажет көмек көрсетуікерек. Мейірбике жіті дем жетіспеушілігінің белгілерін: экспираторлық ентігуді, мазасыздықты, көп сөйлегіштікті, қозғыштықты, диффузды цианозды білу керек. Ауыр жағдайда науқас біртіндеп есін жоғалтып комаға ауысады. Тахикардия, қан қысымы біресе көтеріліп, содан кейін төмендейтіні байқалады. Науқас жиі ентігуде немесе кеуде қуысында ауру пайда болғанда ауруды азайтатын ыңғайлы жағдайды білмейді, тұншығудағы өлім қорқынышы, ингалятормен және түкіргішті қолдана алмауымен байланысты сонымен қатар, темекі тартудан бас тарта алмайды. Бар мәліметтерді пайдалана отырып, мейірбике алдына қойған мақсаттарын жоспарлайды. Жұмыс жоспарын құра отырып, мейірбике пациентпен бірігіп әрбір мәселенің мақсаттары мен нәтижесіне жету және мейірбикенің сол іске араласу көлемін анықтайды. Жұмыстың мақсаты міндетті түрде тек қана нақты науқасқа ғана бағытталған болу керек. Науқасты күтудің жоспарын құрғанда пациент қандай нәтижеге жеткісі келетінін анықтап алу керек. Пациенттің мәселелерін шешуге бағытталған медбикенің қандай да бір араласуын жүзеге асыру алдында мейірбике оларды науқасқа айтып беріп және оларды не үшін орындау керек екенін түсіндіру керек. Тез арада орындалатын мақсаттар (тұншығуды басу, қан түкіруді азайту, құрғақ жөтелді басу, қақырық түсіруді жақсарту). Болашақта орындалатын мақсаттар (пациент жөтелдің себебін біледі, позициялық дренаж жүргізе алады, шылым шегуін қояды және т.б.). Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін мейірбике келесі істерді атқарады. Тәуелді мейірбикелік араласулар. Дер кезінде дәрілік ем жүргізеді, ем жүргізіп, оның тиімділігін бағалап, дәрігерге дәрінің қосымша әсерлері туралы хабарлайды. Дәрігердің тағайындауы бойынша мейірбике ентігуді азайтады, қақырықтың бөлінуін жақсарту үшін оттегі беріп, бронхолитикті ингаляция жүргізеді. Тәуелсіз мейірбикелік араласулар. Бұл өмірге маңызды функцияларды өткізіп және медициналық құжаттарды толтырады. Мейірбике науқастың жалпы жағдайымен төсектегі қалпын бақылап, тері қатпарларының түсін, дем алуын, жөтелін, қақырығын белгілейді, термометрия жүргізеді. Мейірбике пациентке ауруының дамуы барысы жайлы, клиникалық белгілері, емдеу принциптері мен болуы мүмкін асқынулары жайлы хабарлап отыру керек. Мейірбике әрбір аурулардағы күтім ерекшелігі жайлы білу керек. Мысалы: бронхоэктативті ауруы бар науқастың төсектегі жағдайы біршама ерекше, төсектің аяқ жағы 20 – 30 см – ге көтерілген болуы тиіс. Мұндай жағдай бронхоэктаздарда жиналған қақырықтың жақсы шығуына әсер етеді - бұл позициялық дренаж деп аталады. Оны мүмкіндігінше таңертең дем жаттығуларынан кейін және кешке ұйқының алдында 15 – 20 минут бойы жасау керек. Мейірбике науқасқа қақырықтың дұрыс шығуы үшін жөтелу тәсіліне, тұншығу ұстамасы кезінде өзіне - өзі көмек беру әдістерін, ингалятормен қолдану тәсілін үйрету керек. Өкпенің іріңді ауруларын күте жүріп, мейірбике науқасты аузы жабылатын ыдысқа жиналуын үйрету керек, өйткені қақырықта патогенді микрофлора көп болады. Бір – бірімен байланысып жұмыс істеу арқылы мейірбике науқасты физиотерапевтік емшараға дайындап, жүргізуге көмектеседі. Мейірбике науқасқа бұл қол әрекеттерінің мақсатын түсіндіре отырып, оны жүзеге асыруға келісімін алу керек. Соңынан мейірбикенің қатысуымен болған шаралардың нәтижелерін бағалайды. Егер алдыға қойған мақсатқа жетпесе немесе толық орындалмаған жағдайда, онда мейірбикенің іс әрекетінің жоспары қайтадан құрылуы тиіс. АМСК-гі мейірбике жұмысының негізінің бірі – педагогикалық аспектіде жұмыс істеу, аурулардың алдын алу болып табылады. Мейірбике науқасты, оның туыстарын күтім шараларына үйретіп, қауіпті факторларды жойып, ағзаның физиологиялық жағдайын күшейту, ағзаны шынықтыру тәсілдеріне үйрету керек. Төменде осы педагогикалық жұмыстың негіздері беріліп отыр. 3.17. Тыныс алу мүшелерінің ауруларындағы мейірбикелік үрдіс І кезең. Пациенттің мәселелерін табу. Пациенттің нақты мәселелері: ¨ жөтел (құрғақ немесе қақырықты); ¨ экспираторлы ентігу; ¨ кеуде қуысының ауруы; ¨ өкпеден қан кету; ¨ дене қызуының көтерілуі; ¨ кейбір манипуляциялардың алдында қорқыныш сезімінің білінуі (бронхоскопия, бронхография). Пациентте болуы мүмкін мәселелер: · қайталамалы ұстамадан қорқуы; · тұншығудың әсерінен өлімге деген қорқыныш сезімінің пайда болуы; · жөтелдің әсерінен ұйқының бұзылуы; · қауіп-қатер асқынулардың дамуы; · жұмысқа деген қабілетінің төмендеуі.
ІІ кезең. Мейірбикелік диагноз қою. Дем алу функциясының бұзылуымен байланысты барлық нақты және болуы мүмкін мәселелер.
ІІІ кезең. Күтімді жоспарлау. Қысқа уақытқа бағытталған (мүмкіншілік) мақсаттар: § тұншығуды басу, өкпе қансырауын тоқтату; жөтелді басу; § қақырықтың бөлінуін жақсарту; Ұзақ уақытқа бағытталған (мүмкіншілік) мақсаттар; § пациент жөтелу, ентігу кезінде өзіне ыңғайлы жағдай жасай алады; |
|||||
Последнее изменение этой страницы: 2018-04-12; просмотров: 913. stydopedya.ru не претендует на авторское право материалов, которые вылажены, но предоставляет бесплатный доступ к ним. В случае нарушения авторского права или персональных данных напишите сюда... |