Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Темы эссе по русскому языку и литературе 5 страница




Дариға‑жүрек кім?

Тимирязев ауданындағы

Жарқын орта мектебінің

11-сынып оқушысы Суралина Еркежанның

«М.Мақатаевтың «Дариға‑жүрек» шағын поэмасындағы

Дариға‑жүрек кім?» тақырыбындағы эссе жұмысы

«Болған‑ды менде бір жеңге

Жылайтын еді бір демде,

Күлетін еді бір демде»,‑ деп «Дариға‑жүрек» поэмасы басталады.

Осы жолдарды оқығанда бірден қайғылы келіншек көз алдыма келеді.Осы жолдарды оқыған кезде жесір келіншек есіме түсті, оның сөздерін естігендей болдым, жан дүниесін сезінгендей болдым.

Жеңгенің азалы үні құлақтан кетпейді.Соғыс жылдары жарынан айырылып, жесір қалады. Ол өзін қаншама алдағысы келсе де, осындай өмірдің құшағынан құтыла алмайды.Менің ойымша, автор жесір жеңге образы арқылы тылдағы халық өмірі мен адамдық арасындағы күресті психологиялық шиеленіс арқылы жеткізген.

Жас жесір жеңгенің: « Сұңқардай едім жердегі

Аққудай едім көлдегі», ‑ деген әніне тәкаппар таулар да, кәрі‑жас та барлығы қызығады.Сол кездегі жеткіншектердің есінде қалатыны осы ән еді. Ақын өткен күннің есінде қалған жұмбағын, шындығын іздейді. Қинала ренжіген жүрек бәрібір де жеңгесін қимай, қайғысын іштей сезінеді. Автор көзқарасы бойынша дүниені жеңгесінің тағдырымен сабақтастырады.

Осындай ауыр тағдырды амалсыз бастан өткерген қыз‑келіншектердің құлағынан кетпейтін зары еді. Сол заманның трагедиясы болатын.Д ариға‑жеңге көлдегі жас аққудай болды. Мұңдасарға жан таба алмады. Оның осындай қайғылы күндері көкірегін күйдіріп, амалсыздан көзінен жас болып төгілді.

Дариға‑жеңгенің жан‑жүрегін азаптан қинаған сезім соңында бостандық алды.Оның айтқан әні қиындықтан шыққан ән емес. Аңсарын таба алмай, оның жоқтығына көнгісі келмей өмірге шағымы деп ойлаймын. Өмірде кез келген адам осындай жағдайлармен ұшырауы әбден мүмкін. Өкінішке орай, бүгінгі күні жан‑жарынан айырылғандар күңіренсе де, Дариғадай бола алмайды.

Себебі, Дариға махаббатына адал болды.

Қорыта келгенде, менің түйгенім: Мұқағали атамыздың «Дариға ‑жүрек» поэмасында жесір келіншектің суретін сипаттайтын болғанымен, бұл астарлы философиялық ойы бар туынды.Мен өзім үшін алып шыққан өмір сабағым: қандай қиыншылық болса да, өмірден түңілудің еш қажеті жоқ деп ойлаймын.

Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы Сағынай асы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Бөжей асынан мысал ретінде дәләлдер ала отырып, ас беру дәстүрі туралы талдап жазыңыз

Жекенбаев Нурсейт 11 «А» сынып оқушысы

Мамлют ауданының

Краснознаменное орта мектебі»

коммуналдық мемлекеттік мекемесі

«Аруақ риза болмай- тірі байымайды» дейтін қазақта ұғым бар. Бұл сөздерде дүниеден өткен туысқанының рухын риза етпесең, шаңырағыңда береке болмайды деген ой жатыр. Шындығындада, қазақ дүниеден өткен туысқанының рухын риза етуді міндет санайды. Барын төгіп, асын береді. Сауын айту, үй тігу, мал сою, ас беруге келу салтанаты, қонақтарды қарсы алу, табақ тарту сияқты дәстүрлерді орындайды.

Туған халқына мәңгілік мұра болғандай ғасырлық туынды сыйлаған жазушы Мухтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Бөжейдің асы жайында «Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болды», – деп астың этнографиялық пошымын дəл суреттеді. Иә, бұл керемет сөздер кез келген адамды ойландырмай қоймайды, себебі қазақтың ас беру салты жан-жақты ойластырылады. Асқа күтуші жігіттерді таңдап алады.Есте қаларлықтай салтанатты түрде өткізілетін болған.Сол жылы немесе бір-екі жыл алдын яки кейін дүниеге келген баланы Бөжейдің асын берген жылы туған бала деп айтатын. Осы жолдарды оқығанда бірден күміс ер-тоқымды жорға аттарға мінген, бастарына тегіс жібек орамал байлаған қонақ күтуші жігіттер көз алдыма келді. Бір сәт хош иісті даланың жұпар ауасын жұтып, өлке бойы жайнап кеткенін сезінгендей болдым.

Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы Сағынай асына шартараптан тойға келген халықтың көптігін былай деп көрсетеді:

Арқаға аударылып ас дегенде,

Лақылдап Балқаш, Арал теңіздері...

Ол кезде үш жүзге түгел жар салып, ас беретін болған.Ас беру – тарихы терең, ауқымы кең дәстүр. Той сияқты емес, астың қазақ өміріндегі алатын орны ерекше. Астың өткізілу реті, оның шығыны, жиналатын адам мөлшері XYIII –XIX ғасырларда өзгерістерге ұшрады.Қазір де қазақ халқы ас беру дәстүрін орындайды. Асқа жиналатын адам мөлшері әлдеқайда төмен. Сағанай асына 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұқар кілемі ілінген. Сойысына 20 мың қой, 1000 жылқы сойылған. Үлкен бәйге өткізген. Бәйгеге 500 тұлпар қатысқан. Осы күні 10 адамды күту оңай шаруа емес. Жуырда өз атамнан айырылып қалдым. Менің жанашырым,өзімнің ең жақын адамым келмеске кетті. Атамды салт –дәстүрге сай шығарып салдық. Атамның жиынын өткізерде барлық туыстарымыз жиылып көмек бергенін көрдім. Болмаса біздің отбасына ауыр келетіні анық. Сол кезде қазаққа тән кеңпейілділік, мейірімділік, қамқорлық қасиеттерді сезіндім.

Қыл сақал, тер сасыған, қолпаң киімді, саба-саба қымыз ішіп, тау-тау ет жеген жуандар образын Ілияс Жансүгіров даралап, әрқайсысының әлеуметтік сипатын ашады.

Бір үйде бәйбішелер бауырсақтай,

Ауызы еттен, майдан дамыл таппай;

Автор көтеріп отырған теңдік, шындық мәселесі біздің заманымыз үшін өте өзекті мәселе болып тұр. Өкінішке орай ,бүгінгі күні біздің арамызда шындықты тура айтатын азаматтар өте аз.Өз басым шыншыл болуды қалаймын. Марқұм атам айтатын: «Ақиқат бүгіледі, бірақ сынбайды» -деп. Атамның ақылы әрқашан кеудемде жаңғырып тұрады.

Қорыта келгенде, ас беру дәстүрі қазақ халқының кеңпейілдігін, мейірімділігін, қонақжайлығын,сыйластығын білдіреді. Әрине, мұның барлығы тек марқұмның балаларынан шыққан шығын емес. Ағайын, туыс, ел болып атқарылған жиын. Осында халқымның ынтымағы жарасқан ел екенін аңғардым. Қазаның артын тойға – айналдыруы адамгершілігі мол халық екенін білдім. Өзім үшін алып шыққан өмір сабағым: Өмірде қандай жағдай болса да, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді құрметте. Қазақ екеніңді ешқашан ұмытпа.Өмірде салт-дәстүрлерді ұстанып жүретін бол

 

Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы Сағынай асы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясындағы Бөжей асынан мысал ретінде дәлелдер ала отырып, ас беру дәстүрі туралы талдап жазыңыз.

Хажымуратова А. Б.

Тайынша ауданы

«Алабота орта мектебі»КММ

Қазақ халқының әдет-ғұрпындағы «ас» өз ортасы қала берді, бүкіл халыққа белгілі тұлғалардың қайтыс болғанына жыл толғанда беріледі.

«Сауын айтып ас берді» — дейді, яғни төрт тарап жұртқа, астың өтілетіні туралы алдын-ала хабар беріледі. Хабар тиген жұрт ас болатын жерге төрт тараптан жиыла бастайды. Ас бір күндік шара емес, кемі үш күнге созылады. Ас өткізуді және асқа келген қонақтарды күту үшін, ас берушінің жақын туыстары, руластары сойыстан үлкен шығын шығара отырып, аста ат бәйгесі, күрес, айтыс, ән өнері, жамбы ату секілді ұлттық ойындар да ұйымдастырылады. «Алтын тай тұяқ», «алтын жамбы» бастаған бәйгелерді тоғыз-тоғыздан туысқандары бөліп-бөліп алған. Асқа келген қонақтар тек ішіп-жеу үшін ғана емес ел көріп, жер тану үшін, аста көрсетілетін түрлі халықтық өнерді тамашалап, өзіне бір рухани тәрбие алу үшін келеді. Паң Нұрмағанбет өткізген «Сағынай асы», Құнанбай өткізген «Өскенбай асы», қырғыздағы «Шәбден Манап» асының даңқы мен дақпырты бізге бүгінге дейін жеткен.

«Абай жолы» романында да суреттелетін «Бөжей асында» қонақтар жан-жақтан түгел ағылып келе бастайды. Ауыл сыртындағы биіктеу жерде өздерін күтіп алған ауыл иелеріне қайырлы болсын айтып, сол ауылдың қонақ күтуші жігіттерінің жол көрсетуімен, өздеріне арналып тігілген үйге келеді. Өздеріне белгіленіп берілген қонақтарды күтушілер «қош келіпсізбен» қарсы алып, үй-үйге бөліп-бөліп түсіреді. Қонақ күтуші жігіттер сыпайы, тәрбиелі, аз сөйлеп, көп тыңдап, жылы жүзбен қонақтардың көңілін табуға тиісті. Қонақ күтуші жігіттер әсіресе дарақы қылықтардан аулақ болуы керек. Қонақтар жататын үй, көрпе-төсек, сойыс-мал, ыдыс-аяқ, үй жасауы барлығын өзімен бірге ала келген ас берушінің туысқандары, қазан ошақтарын қонақтарға түтіні келмейтін алыстау таса жерге құрып, піскен асты үйдегі қонақтарға, су төгілмес жорғаға мінген, екі қолына екі табақ ұстап, аттың тізгінін аузымен тістеген епті жігіттер ат үстінде ас тасыған. М.Әуезов оны былай суреттейді: «Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғыта жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады. Астың күндізгі етін осы үйлер түгел жеп болған кезде, Байсал бір үлкен ақ боз атқа мініп, қасына қырық-елудей топ ертіп, қолына үлкен биік ағашқа орнатқан қарақшыны алып, атой беріп шықты. Қонақтар атқа мінсін, әзірленсін деген белгі. Енді бәйге, күрес, ат үсті сауық басталмақ.» Міне, ас рәсімі осылай суреттелген. Бірнеше рет аламан бәйгенің алдын бермей, даңқы бүкіл Арқаға тараған Құлагер 1876 жылы Сағынайдың асында қастандықпен өлтірілгені белгілі. Бәйгеге үш жүз жиырма үш жүйрік қосылады. Осынша аттың алдына қара үзіп келе жатқан қанатты жүйрік Құлагерді Ақмоланың алпауыты Жүсіптің жандайшаптары қастандық жасап, айбалтамен басынан ұрып өлтіреді .Осы бір қарабет-қастандық сезімтал ақын жанын жаралайды. Өйткені ер қанатына айналған атқа халық ерекше мән берген.

Ас — дәстүрлі қазақ қоғамының көп қырлы тіршілік қалыбының жоғары өркениеттілікке тән әлеуметтік-саяси ұйымдасу санаты жоғары дәрежеде болып, үйлесімді өмір сүруінің бұлжымастығын қамтамасыз ететін экономикалық-саяси, әлеуметтік және құқықтық қатынастар нормалардың жиынтығы болды. Өйткені салт-дәстүр дегеніміз адам қажеттілігін өтейтін барлық материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтардың тоғысы. Оның ішінде әсіресе қай халықта болмасын өлген адамды соңғы сапарға шығарып салуға байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлері–уақыт тезіне көне бермейтін, ғасырлар бойы өзгеріске ұшырай қоймайтын белгілі бір әлеуметтік-қоғамдық көзқарастардың, идеялық нормалардың ең бір консервативті түрі болып табылады.

 

 

ҚГБ

Махамбеттің «Қара нарға» артқан жүгіне қазіргі уақытта

сіз қандай міндет жүктей аласыз?

Орындаған: Абильмажинов М.

              Тексерген: Рахымжанов Ж.

Айыртау ауданы

Құмтөккен ауылы

Қызыл-Әскер орта мектебі

Қазақ даласына танымал болған, батырлығымен, ақындығымен танымал болған қазақ халқының ұлы перзенті - Махамбет Өтемісұлы. Қайсар, ержүрек Махамбет ақынның»Қара нарға» деген өлеңінде:

«Толарсақтан саз кешіп,

Тоқтамай тартып шығарға

Қас үлектен туған қатепті

Қара нар керек бұл іске»,- деп басталады.

Өлең Махамбеттің азаттық үшін күрес жолында көшбасшыларға жүктеген талаптары туралы деп ойлаймын. Ақын осы туындыдағы басты тақырыпты шеберлікпен жеткізе білген.

Ақын көзқарасына келетін болсақ, Махамбеттің бар ойы - отаршыл Ресейдің езгісінен құтылу, халқына азаттық сыйлау.Ақынның осы арманын іске асыру жолында Исатай, Жоламан, Есет, Кенесарыларымыз сияқты батырларымыз көтерліске шыққан еді. Олардың арманы - XIX ғасырдағы Қазақ даласындағы Ресей, Хиуа, Қоқан езгілеріне қарсы шығып, халыққа бостандық алып беру. Көтеріліс, халық жағдайы,хандар мен билердің озбырлығы - ақын өлеңінің өзегі.Ақын жырлары арқылы оның көзқарасы да айқын танылады.Мен ақынның көзқарасын қолдаймын. Акынның:

«Қабырғасын қаусатып,

Бір-біріндеп сөксе де

Қабағын шытпас ер керек

Біздің бүйткен бұл іске»,- деген жолдарынан-ақ мұндай жауапты да қиын іске мықты, ержүрек қолбасшы керек екендігін ақын мойындайды.Осындай қиын- қыстау кезде халқы үшін құрбан болған батырларымыз аз емес . Сол замандағы ақындарды»Зар заман» ақындары деп атаған. Мұрат Мөңкеұлының»Қазтуған» шығармасында:

«Еділді алса, елді алар,

Енді алмаған не қалар?!

Жайықты алса – жанды алар,

Жанды алған соң не қалар?!»,- деген өлең жолдарынан біз Патшалық Ресейдің қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, халқын езгіге салғанын тарихтан да, әдебиеттен де жақсы білеміз.

Қазіргі уақытта еліміздің атқамінерлері халықтың сенімінен шығып жүр деген ойдамын. Олар - Қазақстанның болашағын жоспарлап, экономикамызды дамыту үшін күш салып жатқан адамдар. Бірақ соңғы кездері елімізде жемқорлық кең етек жайып кетті.Жемқорлықпен ұсталып жатқан басшыларымыз да көп. Оларға жұрт сенім артып,үміттеніп отыр.Ал олар болса, ел артқан үміт сенімінен шыға алмай,өздерінің қара бастарының қамын ойлап кетіп жатыр. Сондықтан мен атқамінерлерімізге мынадай талаптар қойып, келесі міндеттер жүктер едім: халыққа адал қызмет ету, Қазақстанның болашағы жарқын болу үшін аянбай еңбек ету, еліміздің көкейкесті мәселелерін шешу.

Қорыта келгенде айтарым, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – ел тарихында есімі алтын әріптермен жазылған ұлы тұлға.Елбасымыздың елі үшін, халқы үшін істеген еңбегі ұшан теңіз.Сондықтан Елбасымызды халық құрмет тұтады. Демек, билік, үкімет, сот жүйесінде жүрген адамдарға Президентіміздің ісі үлгі болмақ. Барлық атқамінерлер ісіне адал, халқына қалтқысыз еңбек етсе,сонда ғана еліміздің болашағы жарқын, еңсесі биік, берекелі ел болмақ.

 

Махамбеттің «Қара нарға» артқан жүгіне қазіргі уақытта

 сіз өз тарапыңыздан қандай міндеттеріңізді жүктер едіңіз?

Есеева Саяжан.

Айыртау ауданы Қаратал орта мектебінің

11-сынып оқушысы

Махамбет Өтемісұлы біз үшін намысшыл батыр мен патриот ақын ретінде таныс. Өзінің жан серігі, иық тірес жолдасы Исатай Тайманұлымен бірге елі үшін күрестің жолында қос батырды жақтаушылары да, даттаушылары да болған. Батырларымызды қолдаушылары Махамбеттің»Қара нары» болған сынды.

Өзінің»қара нарына» Махамбет артқан жүктерің саралай отырып, маған»мен өз тарапымнан қандай міндет арта аламын?» деген ой келді.

Біз XXI – ғылым мен техника дамыған ғасырдың ұрпақтары болғандықтан, ел үшін күресуде қолымызға найза алу міндетті емес. Біздің»Қара нарымыздың» жүгі өзгеше. Елбасымыздың»Мәңгілік ел» бағдарламасын толықтай жүзеге асыру жолында азаматтар мен азаматшаларға қояр талаптарым: Біріншіден, білімділік. Білім күші қара найзаны әлдеқашан алмастырды. Екіншіден, адалдық. Өзін, бұл сөздің барлық мағынасында, толық қанды Адам деп санайтын әрбір азамат өз ісіне, өз сөзіне және айналасындағы адамдарға адал болуы тиіс. Үшіншіден, кітапқұмарлық. Е.Вильмонт:»Кітап оқымайтын адам таңқалдырарлықтай қызықсыз» деп жазған. Жас бол, кәрі бол – маңызды емес. Адамның көкірек көзін ашуға, жанын тебірентіп, ой тастауға Кітаптың құдіреті жетерлік. Тек авторынан қателеспесең болғаны. Төртіншіден, принцип және жеке көзқарас. Әр адамның кез келген мәселеге, оқиға немесе үрдіске байланысты жеке көзқарасы, пікірі болуы тиіс. Бұл көзқарас, негізінен, кітаптардың арқасында пайда болады. Принцип болса, ол – осы көзқарасымызға сүйене отырып белгілі жағдайда жасайтын, не жасамайтын іс әрекетіміздің қағидасы. Бесіншіден, саясаттан хабардар болу. Себебі халық немесе жеке тұлға өз елінің саяси өмірінен, жаңалықтары мен ескіліктерінен шет-жағасын біле жүруі тиіс. Бұл – адамдарға мемлекеттік бағдамалар мен саяси бағыттарға деген дұрыс пікір қалыптастыру мақсатында жасалатын жұмыс.

Алтыншы, реті бойынша соңғы тұрғанымен, ең өзекті қасиет – отансүйгіштік. Жүрегінде иманы мен санасында сәулесі бар адам ғана Отанын сүйе алады.

Заманымыздың»Қара нарына» артқан жүк осы деп білемін. Сөз соңында айтарым: бұл талаптарға сай етіп әр азамат өз-өзін, ал әр ата-ана баласын тәрбиелесе ғана біз асыл мұратымызға жетіп, Тәуелсіз Қазақстанымызды»Мәңгілік елге» айналдырып, өркендете аламыз. Дәл осы сәттен бастап бойымызды қара нардай қайыспай жүк тартуға үйретуге көшсек – нұр үстіне нұр болар еді.

Махамбеттің»Қара нарға» артқан жүгіне қазіргі уақытта сіз өз тарапыңыздан қандай міндеттерді жүктер едіңіз?

Саумалкөл қазақ орта мектебі

11»Б» сынып оқушысы
Уразгалиева Лашын

Махамбет Өтемісұлының»қара нар» дегені – өзін қолдаушы қарапайым халық. Ел азаттығы үшін күрескен батыр»қара нарға» зор үміт артқан. Қолдаушы халық та қолынан келгенше аянбай тырысып бақты.Бірақ, мақсаттарына жете алмауларының бірден –бір себебі қолбасшылары Махамбет Өтемісұлының өте қызулы адам болса да, әдіс, шеберлікке, әскери айлаға осал болуы патша үкіметінің жақсы жасақталған әскеріне қарсы шыққан халықтың қолына алған қаруының әлсіздігі, жоспарларының айқын еместігі»қара нарды» шарасыз күйге түсірген еді. Бұл тарихи оқиға қазаққа өзінің ел екенін білдіріп қана қоймай, елдің намысын қозғап, қазақтың бірігуіне себеп болды. Бұндай бірлік ынтымаққа келу кейінгі жас ұрпаққа үлкен сабақ болып қала бермек.

Болар іс болды, уақыт өтті, заман өзгерді. Ғылым мен техниканың дамыған ғасырында елдің дамуына бар халық ат салысуда. Түпкі мақсат бір болған соң әрқашан бірімізге- біріміз демеу болу керек. Мақсатқа жету оңай емес, жеңілусіз жеңіс болмайды. Сондықтан әр іске сабырмен қараған жөн деп білемін. Осы жолда адам бойындағы ең асыл қасиет- адамгершілік таныту. Еліміздің тәуелсіз, егемен ел болуы жүздеген жылдар бұрын тек арман болса, бүгінгі таңда Мәңгілік елге айналдық . Мәңгілік ел иелері терең білімімен даралануы керек деп ойлаймын. Елбасымыз «Елдің ертеңі, гүлденген болашағы- жастарда» деп , бізге, жастарға зор үміт артуда. Артылған үмітті ақтау – менің басты міндетім деп танимын.

Егемендік аясында мен, мен құралпы жастар Махамбеттің «қара нары» Тәуелсіздіктің қадірін түсінуге, бабалар армандаған елдікті сақтауға борыштымыз.Менің қазіргі заманда «қара нарға» жүктерім- татулық пен ұйымшылдық,сабыр, адамгершілік, еңбек және ең бастысы аянбай оқу. Терең білім алумен қатар, өзімнің бойымда осы қасиеттерді дамытып, ел болашағы үшін барымды салуға дайынмын. Қазақстан сияқты гүлденген елдің ұрпағы болғаным қандай бақыт!

 

Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастанында

Еспенбеттің нағашысынан қалауы

Ақбөрте болуының себебін дәлелдеп жазыңыз

Саумалкөл қазақ орта мектебі

11»Б» сынып оқушысы
Уразгалиева Лашын

«Еспенбет»дастанының басты тақырыбы - туған жеріне оралып, еліне қамқор бола білген батырдың жан қияр ерлігі мен батырлығы. Алға қойған мақсатына жетудегі құлшыныс – кейіпкердің бойындағы басты құндылық. Ел ертеңі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып, ел тағдырын биік қойған батырлардың бірі – Еспенбет.

«Еспенбет» поэмасын оқи отырып, көкейімде бір сұрақ туындады. Туған жеріне қайтуға бел буған жас жігіттің қалауы неге тұлпар болды? Не себепті нағашысының басқа сыйын қабыл алмады? Бұл сауалға жауап ретінде әркімнің өз ойы, пікірі бар.Менің ойымша, Еспенбет дүниеге құмартпай, өз жүрегінің қалауымен жүретін таза ниетті қайсар адам болған.

Кез келген жанға туған жері ыстық болады.»Ит тойған жеріне, ер жігіт туған жеріне» демекші, кішкентайынан нағашысының елінде тұрса да, батырды өз еліне қайтып келуі – туған өлкесіне деген адал махаббаты деп білемін. Нағашысының ұсынған бар байлығынан бас тартып, Ақбөртені сұрауы - жігіттің дүниеқұмар еместігінің айқын бейнесі. Ал бір көргеннен тамсандырып, ерлік арманға жетелеген Ақбөртеден бас тартпай, тұлпарға үлкен сенім артуы Еспенбеттің қайсарлығын және Ақбөртеге деген адалдығын көрсетеді.»Ат арынды болса, жігіт жалынды болады» - деген қанатты сөз тікелей Ақбөрте мен Еспенбетке қатысты айтылғандай. Еспембеттің Ақбөртені таңдауының себебі – еліне деген, туған жеріне деген кіршіксіз сезімі.» Ер қанаты-ат» деп бекерге айтылмаған,сондықтан болар,Еспенбет Ақбөртені сұрады.Ақбөртені жарысқа қосқанда тұлпары иесінің сенімін ақтап,мәреге бірінші боп жеткен еді.Жарыста алған олжасын да батыр көпшіліке бөліп берді.Ақбөрте –иесінің сенімді серігі. Бақытқа апарар жолда қанатты тұлпары иесінің үмітін ақтады.Қорыта келгенде, бұл дастанның тәрбиелік мәні зор.Еспенбеттей елін сүйетін, халқына адал қызмет ететін кейіпкер болуды қай жас ұрпа болмасын, бәрі де армандайды.Ақбөртедей тұлпар қашанда ерге серік, қорған бола алады. Сондықтан біз, жас ұрпақ, Еспенбеттей отансүйгіш азамат болуды қалаймыз.










Последнее изменение этой страницы: 2018-04-12; просмотров: 910.

stydopedya.ru не претендует на авторское право материалов, которые вылажены, но предоставляет бесплатный доступ к ним. В случае нарушения авторского права или персональных данных напишите сюда...