Студопедия КАТЕГОРИИ: АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
Темы эссе по русскому языку и литературе 8 страница
Ілияс Жансүгіровтің»Құлагер» поэмасындағы Сағынай асына шартараптан тойға келген халықтың көптігін былай деп көрсетеді: Арқаға аударылып ас дегенде, Лақылдап Балқаш, Арал теңіздері... Ол кезде үш жүзге түгел жар салып, ас беретін болған. Ас беру – тарихы терең, ауқымы кең дәстүр. Той сияқты емес, астың қазақ өміріндегі алатын орны ерекше. Астың өткізілу реті, оның шығыны, жиналатын адам мөлшері XYIII –XIX ғасырларда өзгерістерге ұшырады. Қазір де қазақ халқы ас беру дәстүрін орындайды. Асқа жиналатын адам мөлшері әлдеқайда төмен. Сағанай асына 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұқар кілемі ілінген. Сойысына 20 мың қой, 1000 жылқы сойылған. Үлкен бәйге өткізген. Бәйгеге 500 тұлпар қатысқан. Осы күні 10 адамды күту оңай шаруа емес. Жуырда өз атамнан айырылып қалдым. Менің жанашырым, өзімнің ең жақын адамым келмеске кетті. Атамды салт –дәстүрге сай шығарып салдық. Атамның жиынын өткізерде барлық туыстарымыз жиылып көмек бергенін көрдім. Болмаса біздің отбасына ауыр келетіні анық. Сол кезде қазаққа тән кеңпейілділік, мейірімділік, қамқорлық қасиеттерді сезіндім. Қыл сақал, тер сасыған, қолпаң киімді, саба-саба қымыз ішіп, тау-тау ет жеген жуандар образын Ілияс Жансүгіров даралап, әрқайсысының әлеуметтік сипатын ашады. Бір үйде бәйбішелер бауырсақтай, Ауызы еттен, майдан дамыл таппай; Автор көтеріп отырған теңдік, шындық мәселесі біздің заманымыз үшін өте өзекті мәселе болып тұр. Өкінішке орай, бүгінгі күні біздің арамызда шындықты тура айтатын азаматтар өте аз. Өз басым шыншыл болуды қалаймын. Марқұм атам айтатын:»Ақиқат бүгіледі, бірақ сынбайды» -деп. Атамның ақылы әрқашан кеудемде жаңғырып тұрады. Қорыта келгенде, ас беру дәстүрі қазақ халқының кеңпейілдігін, мейірімділігін, қонақжайлығын, сыйластығын білдіреді. Әрине, мұның барлығы тек марқұмның балаларынан шыққан шығын емес. Ағайын, туыс, ел болып атқарылған жиын. Осында халқымның ынтымағы жарасқан ел екенін аңғардым. Қазаның артын тойға – айналдыруы адамгершілігі мол халық екенін білдім. Өзім үшін алып шыққан өмір сабағым: Өмірде қандай жағдай болса да, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді құрметтеу керек. Қазақ екеніңді ешқашан ұмытпа! Өмірде салт-дәстүрлерді ұстанып жүретін бол!
М.Жұмабаевтың «Толқын» өлеңінде толқын біресе бала болса, біресе ғашықтарға айналады, ең соңында өледі. Ақынның өлең жолдарында қандай қозғалыс, қандай әрекет жатыр? Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі: Бралин Т. С. «Новокаменка орта мектебі» КММ М.Жұмабаевтың «Толқын»өлеңінде толқын біресе бала болса, біресе ғашықтарға айналады, ең соңында өледі. Ақынның өлең жолдарында қандай қозғалыс, қандай әрекет жатыр? Мағжан-ең алдымен,сыршыл ақын. Ол жүректің қобызын шерте біледі,оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса, сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Менің ойымша, Абайдан кейінгі дәуірдің ең атақты ақыны - Мағжан Жұмабаевтың XX ғасырдағы қазақ поэзиясында алатын орны ерекше. Жүсіпбек Аймауытов Мағжан туралы классикалық зерттеу жазып, бір хатында оны»қазақ әдебиеті көгіндегі күнге» теңеген. Мұхтар Әуезов:»Бүгінгі күн жазушылары ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз - Мағжан сөзі», -деп көрегендік танытқан. Сонымен ақын нені жырлады? Ең алдымен, ақын даланы яғни табиғатты жырлады. «Табиғатты Мағжаннан көп, онан артық суреттеген қазақ ақыны кемде-кем шығар.Табиғат қойнауында туып, табиғат анасының бауырында өскен жігіт, табиғатты дәріптеген соң, оның қойнындағы елді, жұртты айтпай тұрсын ба?» Мағжан қазақ тағдырын психологиялық параллелизм арқылы табиғатпен астастыра келе, оның бүгінгі қалпы мен халінен түңіле, кешегі тарихына үңіле толғайды. Мағжан Жұмабаевтың «Толқын» өлеңінде толқын біресе бала болса, біресе ғашықтарға айналады. Атап айтсақ,»Толқын» атты өлеңінде ақын өмір философиясы туралы толғанады. Мысалға: Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады, Толқын мен толқын жарысад - деп ақын айтқандай, өмірдің өзі бірін-бірі қуған, жарысқан осындай толқындардан тұрады. Салыстыратын болсақ: Адамнан адам туады, Адамды адам қуады Адам мен адам жарысад Күңіренісіп кеңеспен, Бітпейтін бір егеспен Жарысып жарға барысад. Толқынмен толқын сырласып Салыстыратын болсақ: Ғашық пен ғашық сырласып, Ғашық пен ғашық еркелеп, Бақытқа жетер ентелеп. Немесе, Ерке баладай былдырласа, Сылдыр сылдыр сылдырлап, Толқынды толқын қуады. Сылдырлату арқылы кейіптеп, жансыз табиғат құбылысын кәдімгі тірі адамға, жан дүниесіне ұқсатып, жандандыра, құлпырта суреттейді және өмірге деген, тіршілікке деген қозғалыс, болашаққа деген ұмтылыс, яғни Жарына бал береді, Береді де өледі, Өледі толқын тынады Бірақ, бірақ ... толқын тынғанымен өмір тоқтамас, артта ұрпақ қалады. Сол ұрпақ өмірді жалғастырады. Енді міне, еліміз егемендік алып, ақынның көксеген арманы жүзеге асуда.
М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Бөжей асын Абайға жүктеу себебін талдап жазыңыз Тайынша ауданы «Қарағаш орта мектебі» КММ оқушысы Досмұқан Сымбат Ұлтымызда бұрыннан бері қалыптасқан ас беру дәстүрі бар екенін оқыған кітаптарымнан, ата- әжемнен біліп өстім. Өмірден өткен адамға жылы толғаннан кейін ас беріледі. Алайда тарихта кедейге берілген ас туралы айтылмайды. Соған қарағанда, ас бай-қуатты, беделді, бір рулы елдің азаматына берілуі шарт сияқты. М.Әуезовтің»Абай жолы» роман-эпопеясындағы Бөжей асын оқыған кезде сол астың басы қасында өзім болғандай әсерде болдым. Бөжейдей арыстан азаматтың асына Құнанбай өзі бармай неліктен баласына, Абайға, жүктеді екен?.. Оның басты себебі жылдар бойы Құнанбай мен Бөжейдің арасындағы, рудың арасында керіс, жанжал емес сияқты. Меніңше, Құнанбай қанша қатал болғанымен әділ еді. Тірісінде»терісін сыпырса да» өлімге қимайды. Дегенмен, асқа бармау себебі Бөжейдің өлімі туралы хабардың келмегендігі деп ойлаймын. Арнайы хабар келер деп күткен Құнанбайға бұл өте ауыр соққы болды.»Ағайын арасының ежелгі айнымас заңы бойынша, жаназаға шақырар деп еді». Отыз қырық кісі шапқыншы жан жаққа шауып, елге хабарлағанда, Құнанбай ауылдарын әдейі тастап кетті. Құнанбай айналасы қатты қапаланды. Кейін бәрібір барып, бойын көрсетеді. Бөжей жағының Құнанбайды жек көруінің тағы бір себебі, олардың Бөжейдің қаралы көшіне шабуыл жасауы болатын (қателесіп). Кейін оқиға шиеленісіп, үш күнге созылған соғыспен тынады. Ал ел ішінде Құнанбай қаралы көшке шабуыл жасаған қарабет атанды. Бөжей өлгеннен кейін насырға шапқан екі ел арасындағы керіс Құнанбайдың ішінде тас боп қатты. Дегенмен, Абай алдына кеп алыстан бастап, Бөжей асына араласу туралы айтқанда қарсылық білдірген жоқ. Маған ол осыны күткендей де болып көрінді. Жайда айтқанынан қайтпайтын Құнанбай ұлына рұқсат берді. Абай болса, жастығына қарамай, аналарының көмегімен, асқа араласты. Көп қызмет көрсетті. Үлкендердің батасын алып, Байдалының жүрегін жібітті. Әкесі Құнанбайдың, руының абыройын асырды. Екі ауыл арасына достық көпірін орнатқысы келді. Астан кейін қаншама елдің ризашылығына бөленіп, атақты болғанын өзі білген жоқ. Ільяс Жансүгіровтің»Құлагер» поэмасындағы Сағынай асы мен Мұхтар Әуезовтің»Абай жолы» роман – эпопеясындағы Бөжей асынан мысал ретінде дәлелдер ала отырып, ас беру дәстүрі туралы талдап жазыңыз Қазақ халқының әдет-ғұрпындағы»ас» өз ортасы қала берді, бүкіл халыққа белгілі тұлғалардың қайтыс болғанына жыл толғанда беріледі. «Сауын айтып ас берді» — дейді, яғни төрт тарап жұртқа, астың өтілетіні туралы алдын-ала хабар беріледі. Хабар тиген жұрт ас болатын жерге төрт тараптан жиыла бастайды. Ас бір күндік шара емес, кемі үш күнге созылады. Ас өткізуді және асқа келген қонақтарды күту үшін, ас берушінің жақын туыстары, руластары сойыстан үлкен шығын шығара отырып, аста ат бәйгесі, күрес, айтыс, ән өнері, жамбы ату секілді ұлттық ойындар да ұйымдастырылады.»Алтын тай тұяқ»,»алтын жамбы» бастаған бәйгелерді тоғыз-тоғыздан туысқандары бөліп-бөліп алған. Асқа келген қонақтар тек ішіп-жеу үшін ғана емес ел көріп, жер тану үшін, аста көрсетілетін түрлі халықтық өнерді тамашалап, өзіне бір рухани тәрбие алу үшін келеді. Паң Нұрмағанбет өткізген «Сағынай асы», Құнанбай өткізген»Өскенбай асы», қырғыздағы «Шәбден Манап» асының даңқы мен дақпырты бізге бүгінге дейін жеткен. «Абай жолы» романында да суреттелетін»Бөжей асында» қонақтар жан-жақтан түгел ағылып келе бастайды. Ауыл сыртындағы биіктеу жерде өздерін күтіп алған ауыл иелеріне қайырлы болсын айтып, сол ауылдың қонақ күтуші жігіттерінің жол көрсетуімен, өздеріне арналып тігілген үйге келеді. Өздеріне белгіленіп берілген қонақтарды күтушілер»қош келіпсізбен» қарсы алып, үй-үйге бөліп-бөліп түсіреді. Қонақ күтуші жігіттер сыпайы, тәрбиелі, аз сөйлеп, көп тыңдап, жылы жүзбен қонақтардың көңілін табуға тиісті. Қонақ күтуші жігіттер әсіресе дарақы қылықтардан аулақ болуы керек. Қонақтар жататын үй, көрпе-төсек, сойыс-мал, ыдыс-аяқ, үй жасауы барлығын өзімен бірге ала келген ас берушінің туысқандары, қазан ошақтарын қонақтарға түтіні келмейтін алыстау таса жерге құрып, піскен асты үйдегі қонақтарға, су төгілмес жорғаға мінген, екі қолына екі табақ ұстап, аттың тізгінін аузымен тістеген епті жігіттер ат үстінде ас тасыған. М.Әуезов оны былай суреттейді: «Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғыта жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады. Астың күндізгі етін осы үйлер түгел жеп болған кезде, Байсал бір үлкен ақ боз атқа мініп, қасына қырық-елудей топ ертіп, қолына үлкен биік ағашқа орнатқан қарақшыны алып, атой беріп шықты. Қонақтар атқа мінсін, әзірленсін деген белгі. Енді бәйге, күрес, ат үсті сауық басталмақ.» Міне, ас рәсімі осылай суреттелген. Бірнеше рет аламан бәйгенің алдын бермей, даңқы бүкіл Арқаға тараған Құлагер 1876 жылы Сағынайдың асында қастандықпен өлтірілгені белгілі. Бәйгеге үш жүз жиырма үш жүйрік қосылады. Осынша аттың алдына қара үзіп келе жатқан қанатты жүйрік Құлагерді Ақмоланың алпауыты Жүсіптің жандайшаптары қастандық жасап, айбалтамен басынан ұрып өлтіреді Осы бір қарабет-қастандық сезімтал ақын жанын жаралайды. Өйткені ер қанатына айналған атқа халық ерекше мән берген. Ас — дәстүрлі қазақ қоғамының көп қырлы тіршілік қалыбының жоғары өркениеттілікке тән әлеуметтік-саяси ұйымдасу санаты жоғары дәрежеде болып, үйлесімді өмір сүруінің бұлжымастығын қамтамасыз ететін экономикалық-саяси, әлеуметтік және құқықтық қатынастар нормалардың жиынтығы болды. Өйткені салт-дәстүр дегеніміз адам қажеттілігін өтейтін барлық материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтардың тоғысы. Оның ішінде әсіресе қай халықта болмасын өлген адамды соңғы сапарға шығарып салуға байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлері–уақыт тезіне көне бермейтін, ғасырлар бойы өзгеріске ұшырай қоймайтын белгілі бір әлеуметтік-қоғамдық көзқарастардың, идеялық нормалардың ең бір консервативті түрі болып табылады.
Алаш ардақтылары көтерген ұлттық идеялардың бүгінгі күні жүзеге асқандығын дәлелдеңіз «Алаш идеясы»–қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы екендігін білеміз. Өйткені Алаш-халқымызды бесігінде тербетіп, есейтіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш ардақтылары қазақ халқына қалай әсер етті? Олар өз шығармаларында қандай мәселелерді көтерді? Бір қарағанда бұл қарапайым сұрақтар сияқты, ал кейбіреулер үшін ойлануға да тұрмайтын сұрақтар болуы мүмкін. Кейбіреулер Алаш зиялылары қазақ халқына қалай әсер етті деп ойлайды, ал тағы біреулері сол кезде көп қиындықты көрген Алаш ардақтыларының қолынан осындай күрделі мәселені шешу келген бе деп есептейді. Бірақ бұл мәселенің мәні тереңде жатқан сияқты. Біз көтеріп отырған мәселе барлық замандарда өзекті болып келеді және ол біздің әрқайсымызға да қатысты болуы мүмкін. Неге? Менің ойымша, біз бұл сұрақтың жауабын XX ғасырдың көрнекті ақындарының бірі Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларынан таба алғандаймыз. Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының тақырыптарының көбі халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер етіп, дін, тіл, жер мәселесіне арналған. Жоғарыда айтып кеткендей, автор өз шығармаларында көтеріп отырған бұл мәселелер біздің заманымыз үшін де өте маңызды мәселе болып отыр. Мысалы, «Қырық мысал», «Маса» еңбектерінің негізгі идеялық қазығы –жұртшылықты оқуға, өнерге-білімге, рухани көтерілуге шақыру болса, ол бүгінгі күні де ең өзекті мәселе болып табылады. Ақынның көзқарасы шығармаларында ашық көрсетілмегенімен, шығарма логикасынан ақынның санасы оянбаған халықты жарқын болашаққа жетелеген деген ойға алып келеді. Осы мәселеге қатысты автордың көзқарасын жақтаймын. Себебі Ахмет Байтұрсынұлы өз шығармаларында XX ғасырдың басты мәселелерін қозғаған. Арада қанша уақыт өтсе де, бұл мәселе ғаламторда, газет-журнал беттерінде әлі де айтылып жүр. Мысалы, Қайрат Сақтың қазақтың жер мәселесі туралы жазылған»Алаш мұрасы» атты кітабы бұған дәлел. Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларын оқып шыққанда, оның шын ұлт жанашыры екенін түсіндім. Сондай-ақ, бұл бүгінгі күні аса маңызды мәселе екеніне көз жеткіздім. Яғни, біз осы ақындарымыздың арқасында көптеген жетістіктерге жеттік. Қадыр Мырза Әлидің «Өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңіндегі жұмбақтарға шешіміңді ұсынып, көзқарасыңызды дәлелдеп жазыңыз Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли – ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының жан-жақты өсіп, өркендеуіне, кемелденуіне, болашақ ұрпақтың ұлттық рухын қалыптастыруда зор еңбек сіңірген ақын. Қазақ поэзиясының дамуына көп еңбек сіңіріп, зор көркемдік үлес қосқан Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығы әдебиетші мен оқырман тарапынан жоғары бағаланып, ыстық ықыласқа бөленіп келеді. Ақын поэзиясына лайықты бағасын берген академик Зейнолла Қабдолов:»Қадыр Мырзалиев – сөздің сәйгүлігі, ойдың орманы. Ол жеке бастың дара мұңынан бастап, қым-қиғаш халықаралық қайшылықтарға шейін қысылмай, қымтырылмай еркін жырлай алады», – деп ақынның өзіндік бет-бейнесін, шығармашылық келбетін дәл айқындап береді. Қазақ халқының өмірін көркем бейнелеген ақынның поэзиясы қай кезде де мәнді, өміршең. Қадыр Мырза-Әли – қазақ поэзиясында ұлт рухын қалыптастыру жолында еңбек еткен ақын. Ақын поэзиясынсыз қазақ әдебиетін көз алдымызға елестете алмаймыз десек те болады.»Әдебиет ұлттық болу керек» деп түсінген ақынның әрбір өлеңінен қазақ халқының жаны мен болмысы көрініс алып жатады.»Қадыр Мырза Әли ұлт тарихын, мінез-құлқын, ойлы көзбен өлшеп суреттейді. Онда терең идеялық мағына бар»,– дейді Қадыр поэзиясы туралы академик С.Қирабаев. Ақын Аманхан Әлім болса, ұлт ақыны туралы:»Ол қазақ поэзиясы арқылы алып Қазақстанның, оның ішінде ұлтымыздың тұтастай понорамасын жасаған тұлға. Оның поэзиясы бізді поэтикалық өнердің заңдылығы мен ерік еркіндігіндегі сезім мен ойдың уақыты мен кеңістігін, биіктігі мен тереңдігін асқан жауапкершілікпен сезіндіріп, білдіретін ерекше құбылыс. Қадырдың поэзиясынсыз толыққанды ұлттық қазақ поэзиясын көз алдымызға келтіру қиын. Ол – аксиома. Оның бүкіл шығармашылық ғұмыры тұтас бір ұлттың тарихы, сол ұлт өмір сүрген қоғам, заман, уақыттың барометрі», – деп ақын поэзиясын ұлт табиғатынан бөліп алудың мүмкін еместігін тауып айтады.Иә, расымен ол жанар тостағанына ілінбегенді көріп, көңілге тимегенді сезе білмеген ақын. Оны ақын өзінің өлеңінде де: Қадыр ақын үнемі адам бойынан ізгілікті, жақсылықты жарқын сипаттарды іздеп табуға ұмтылады. Адам басындағы сол ұнамды қасиеттерді биік шабытпен жырлайды. Оның өлеңдерінен ақынның адамға деген шынайы сүйіспеншілігі, махаббаты жарқырап көзге түсіп отырады. Еңбек — адамдарды, халықты өсіретін, алдына қойған арман — мұратына жеткізетін құдірет күш екенін Қадыр ақын шығармашылығында жеткізе айтқан.»Оянған өлке» атты өлеңінде ол келіп, еңбек арқылы жеткен ұлан-ғайыр тарихи табыстарын көркемдік бейнеге түсірген. Адамды ардақтап, көкке көтере жырлаумен қатар, Қадыр ақын оның бойында бар кемшіліктерді де көре біледі. Адамдарда жиі-жиі ұшырайтын ашқарақтықты, тойымсыздықты, қанағатсыздықты, ақша қуып байлықты арман ететін дүниеқорлықты ақын өткір жыр тәсілімен түйреп отырады.Қадыр ақын — өзіне дейінгі аса ірі ақындардай, сөздері мірдің оғындай жыр дүлділі. Оның жоғарыда айтылғандай, көп шығармалардың ішінде қанатты сөздер, афоризмдері де жиі ұшырайды. Қадыр Мырза Әли — ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының жан -жақты өсіп, өркендеуіне, кемелденуіне зор еңбек сіңірген үлкен ақын. Оның өлеңдері ешқашан, Абай айтқандай, бөтен сөзбен былғанған емес. Қайта ол»қиыннан қиысып, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін айналасы теп -тегіс, жұмыр» боп келеді. Сондықтан да, оның лирикасын қалың оқырман әр уақытта сүйіп оқиды. Ол сөз өнерін еркін меңгерген, халықтың ең етене жақын рухани серігіне айналған көркем сөздің зергері.
Елдің өткені мен бүгінгісінің сабақтастығы оқушы көзқарасымен С. Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия 11-сынып оқушысы Имантай Айзада Не замандар өтсе дағы бұлағай, Көк түріктің туы қалды құламай. Қызылжарым-тұнып тұрған тарихым. Ашық аспан астындағы мұражай. «Өткенді тану тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді»,- деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, болашақта жерімізді, өлкемізді, тілімізді, мәдениетіміз бен әдеп-ғұрпымызды, айбармызды білу- өзіміздің үлкен парызымыз. Кіндік қаның тамып, туып - өскен мекеніңді, табаның тиіп тұрған топырақты бәрінен артық көруге хақылысың. Туған жердің бір түйір тасы жаттың ат басындай алтынынан қымбат емес пе?! Дулығалы ата - бабаларымыз кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан көк өзенін қорғап, мақтан еткен, бізге мұраға қалдырған. Кез-келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы оның жер-су атаулары -топонимдері арқылы көрініс табады. Қазақ елінің де жер-су атаулары халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Осы себепті де және еліміздің басынан өткен»сан қилы» заманда көптеген топонимдердің өзгеріске ұшырауына, ұмыт болуына байланысты да жер-су атауларын зерттеу бүгінгі күні өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ономастика – жер-су атаулары, адам есімдері, халық, ру-тайпа атаулары, мемлекет атаулары, әртүрлі мәдени-тарихи нысандар, яғни»тиражға» түспеген атаулардың (жалқы есімдердің) жиынтығын зерттейтін тіл ғылымдарының ерекше саласы. Облыстағы әрбір топоним белгілі бір мағынаға, алуан түрлі құбылысқа ие, семантикасы жағынан жеке объектілерді атайтын жалқы есімдердің ерекше тобына тән. |
||
Последнее изменение этой страницы: 2018-04-12; просмотров: 1146. stydopedya.ru не претендует на авторское право материалов, которые вылажены, но предоставляет бесплатный доступ к ним. В случае нарушения авторского права или персональных данных напишите сюда... |