Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

ГЭРА мен ЖИА екшеу-іріктеу диагнозы 7 страница




Витаминдер жетіспеушілігін түзеу үшін поливитаминдік комплекстер қабылдауды ұсынады және витаминдерді парентеральді егеді.

В12-жетіспеушілік анемияда бұлшық етке В12 витаминінің 500 мкг күнде 3-4 апта бойы егеді, кейін 500 мкг аптасына 1 рет егіледі, ем тұрақты нәтиже пайда болғанға дейін жалғастырылады, одан кейін 500 мкг айына 2 рет егуді өмір бойы жалғастырады.

Теміржетіспеушілік анемияны жою үшін темір препараттарын ішке қабылдайды (ферроплекс 2 таблеткадан күнге 3 рет; конферон күнге 1 капсула, ферроградумент 1 таблеткадан күнге 1-2 рет) немесе парентеральді егіледі (феррум-лек, эктофер 2 мл етке немесе венаға күн аратпа, 10-15 егу).

Эндокриндік бұзылыстарда орнын толтыру емі қолданылады:

- гипотиреозда тиреоидтық препараттар (тиреотом, тиреокомб 1 таблеткадан күнге 1-3 рет, L-тироксин 100 мкг күнге 2-3 рет, трийодтиронин 25 мкг күнге 2-3 рет);

- глюкокортикоидтық жетіспеушілікте – преднизолон 5 мг күнге 2-3 рет;

- гипопаратиреозда – кальций препараттарын ішке қабылдау, паратиреоидин 1-2 мл етке күн аратпа;

- қанттық емес диабетте – адиурекрин 0,03-0,05 күнге 2-3 рет, мұрын арқылы ішке дем алу.

Иммундық жүйе қызметін қалпына келтіру үшін продигиозан, зиксорин, натрий нуклеинаты, тималин, Т-активин қолданылады.

Айқын ауырғандық синдромында физиотерапия қолданылады: жылу процедуралары (жылыту компрессі, парафин, озокерит аппликациясы), анестезин қолданған электрофорез, ДМП-терапия, индуктотермия, Бернар токтары, УЖЖ.

Еңбекке қабілеттіктің қалпына келу критерийлері: аурудың қайталау белгілерінің тоқтауы, мальдигестия және мальабсорбция синдромдарының компенсация күйіне оралуы.

Еңбекке жарамсыздықтың орташа мерзімдері: СЭ І дәрежелі ауырлығында – 4-20 күн, ІІ-ІІІ дәрежелі ауырлығында – 1,5-2 ай.

МӘСК жолдама беру көрсетпелері: мальабсорбция синдромы, дене массасын жоғалту және эндокриндік бұзылыстар бар СЭ ІІІ дәрежелі ауыртпалығы.

Санаторийлы – курорттық ем. Санаторийлы – курорттық емге аурудың жеңіл және орташа ауыртпалығы бар, ремиссия фазасындағы науқастар жіберіледі. Белокуриха, Ессентуки, Боржоми, Одесса, Юрмала, Арзни, Железноводск курорттарына жібереді.

СЭ минералдық суларды іш өту жоқ кезде өте үлкен сақтықпен, газсыз күйінде жылытып ішу керек, бір қабылдағанда 1/4 - 1/3 стакан су ішіледі. Минералдығы аз сулар қолданылады: «Славянская», «Ессентуки-4», «Нарзан», «Ижевская».

Диспансерлеу.СЭ ауыратын адамдарды диспансерлік есепке алады, жылына 2 рет тексеруден өтеді, 1 рет гастроэнтеролог қарап, кеңес береді. Науқас адам мынандай тексерілуден өтеді: копрограмма, эндоскопиялық тексеру, іш қуысы мүшелерін УДЗ.

Прогноз: СЭ болжам жайлы болып келеді, дұрыс жүргізілген ем әдетте жақсы нәтиже береді.

Профилактика. СЭ тиімді қоректену, улы әсерлерден сақтану, жедел ішек инфекцияларын және ас қорыту мүшелерінің ауруларын мезгілінде емдеу керек.

Созылмалы колит

Созылмалы колит (СК)– толық тоқ ішектің (толық колит) немесе оның бөліктерінің (сегментарлы колит) созылмалы қабынулы – дистрофиялық ауруы және тоқ ішек функцияларының бұзылуы.

Ас қорыту мүшелері ауруларының ішінде СК науқас адамдардың 50% кездеседі, әйелдер 20-60 жаста, еркектер – 40-60 жаста ауырады.

Этиологиясы және патогенезі. СК ең жиі себептері не ішектің инфекциялық ауруларының қоздырғыштары - шигеллалар, сальмонеллалар, іш сүзек таяқшалары, кампилобактериялар, иерсиниялар және т.б. жатады.

Созылмалы колитті гельминттер мен қарапайымдар (амеба, лямблиялар, трихомонадтар, балантидийлер), шартты – патогендік және сапрофиттік флора (әдетте ұзаққа созылған дисбактериозда) тудыра ала алады. Созылмалы колиттің жиі себептеріне алиментарлық фактор жатады: жүйелі қоректенбеу, бірыңғай, көбіне көмірсулы немесе белокты тамақ, өткір және қиын қорытылатын тамақтар қолдану, ішімдік ішу.

Созылмалы колит экзогендік интоксикация (сынап, мышьяк, фосфор және басқалары) әсерінен де дамуы мүмкін.

Сонымен қатар «медикаментоздық» деп аталатын колиттер де болады (іш жүргізетін дәрілер, салицилаттар және басқа бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілер тудырады).

Аллергиялық колиттер де болады: тағамға және дәріге аллергия болғанда бой көрсетеді.

Колиттер радиация әсерінен де дамиды (кіші жамбас органдарын сәулемен емдегенде).

Колиттің себебі іштен туа болатын ферментопатия болуы мүмкін, мысалы дисахаридазалық жетіспеушілік (лактаза жетіспеушілігі), колит ішектің кілегей қабығын тағамның толық емес гидролизінен пайда болған өнімдердің тітіркендіруінен дамиды.

Шажырқай тамырларының атеросклерозында болатын тоқ ішектің ишемиясы мен қан айналысы жетіспеушілігі де колиттің дамуын тудырады.

Колит іш қуысындағы тыртықтық процесте, долихосигмада, дивертикулезде бой көрсетуі мүмкін. Ұзаққа созылған іш қатуы, жиі жасалатын клизмалар және тік ішек балауыздары колиттердің механикалық себептері деп есептелінеді.

Колиттер ас қорыту органдарының басқа аурулары – созылмалы гастритте, созылмалы панкреатитте, созылмалы холециститте, асқазан мен он екі елі ішектің жара ауруында туындауы мүмкін.

Механикалық, токсикалық, аллергиялық, дәрілік және басқа факторлардың әсерінен тоқ ішектің кілегей қабығы зақымданады. Ішектің нерв аппаратының зақымдануы тоқ ішектің қозғалыс және секрециялық қызметін бұзып, ішек қабырғасындағы трофикалық өзгерістерді тереңдете түседі. Ішектегі қабыну процесін сүйемелдейтін ең маңызды фактор – дисбактериоз. Дисбактериоздың нәтижесінде екінші ретті ферментопатия туындайды. Бұл механизмдердің бәрі ішек диспепсиясының дамуын, ішектің иммундық функциясының бұзылуын, организмде сенсибилизация дамуын, тоқ ішектің кілегей қабығының антигендеріне қарсы аутоантиденелердің пайда болуын тудырады. Бұл өзгерістерге кейін гастроинтестинальдық гормондардың секрециясының бұзылуы қосылады, оның өзі ішектің моторлық функциясының бұзылысын, дисбактериозды, ішектің кілегей қабығындағы қабыну процесін, оның секреторлық функциясының бұзылысын тереңдете түседі.

Патоморфологиясы. СК қабыну өзгерістеріне қоса кілегей қабық эпителийінің регенерациясы бұзылады. Процесс склерозбен және атрофиямен аяқталады. СК атрофиялы да, атрофиясыз да болуы мүмкін.

Классификациясы

1. Этиологиясына қарай:

         Инфекциялық СК

         Паразитарлық СК

         Алиментарлық СК

         Интоксикациялық СК

         Ишемиялық СК

         Радиациялық СК

         Аллергиялық СК

         Аралас себепті СК    

    2. Басым орнына қарай:

         Толық (панколит)

         Сегментарлық (тифлит, трансверзит, сигмоидит, проктит)

3. Морфологиялық өзгерістер сипатына қарай:

         Катаральдық

         Эрозиялық

         Жаралы

         Атрофиялық

         Аралас

4. Ауырлық дәрежесіне қарай:

         Жеңіл түрі

         Орташа ауыртпалықты

         Ауыр түрі

5. Аурудың даму барысына қарай:

         Қайталамалы

         Монотонды, үздіксіз

          Кезекпелі, ұстамалы

6. Аурудың фазасына қарай:

         Қайталауы

         Ремиссия

7. Функциональдық бұзылыстар сипатына қарай:

Моторлық функцияның бұзылысы:

         Гипомоторлы типті

         Гипермоторлы типті

         Моторлық функция бұзылмаған

Ішек диспепсиясы типті:

         Ашу диспепсиясы белгілері бар

         Аралас диспепсия белгілері бар

         Шіру диспепсия белгілері бар

         Ішек диспепсиясының белгілері жоқ

8. Аллергиялық синдром бар немесе жоқ.

Клиникасы. Аурудың негізгі симптомдары – іштің ауыруы, дәретке отырудың бұзылысы, диспепсиялық симптомдар және астеновегетативтік синдром белгілері.

Ауырғандықтың тұйық, сыздаған, керген, кейде ұстама сипаты болады, тамақ ішкеннен кейін 30-90 минут өткен соң немесе тамақ ішкен бойда пайда болады, іштің төменгі жағында, қапталдарында, кейде қабырға астында орналасады, дөрекі өсімдіктік клетчаткалы тамақтан кейін, сүт, майлы және қуырған тамақтардан кейін, ішімдіктен кейін күшейе түседі, үлкен дәретке отырғаннан кейін немесе газ кеткеннен кейін, жылулық пен спазмолитикалық дәрілерден кейін азаяды.

Қабыну процесі серозды қабыққа (периколит), регионарлық лимфа түйіндеріне (мезаденит) тарағанда ауырғандық тұрақты күйге көшеді, жүрісі селкіл туғызатын көлікпен жүргенде, секіргенде, тазарту клизмаларынан кейін күшейе түседі.

Дәретке отырудың бұзылуы іш өту, іш қату немесе бұл белгілердің бір мезгілде кездесуі түрінде көрініс береді. Іш өту сұйық, ботқа тәрізді кілегей аралас нәжіс бөлу түрінде белгі береді. Кейде үлкен дәретке «шақыру» сезімі тамақ ішкен бойда (гастроцекальді рефлекс), ал кейде ұйқы кезінде («оятқыш» белгісі) байқалады. Кейде дефекациядан кейін дәретке толық отырмаған сезім қалады.

Тоқ ішектің дистальді бөлігі басым зақымданғанда, әсіресе патологиялық процеске артқы тесік қосылғанда дәретке отыру сезімінің жиілеуі, тенезмдер пайда болады. Кейде дәретке «шақырудың» жалған сезімі болады.

Созылмалы колитте байқалатын тоқтамсыз іш өту негізінен паразитарлық колитте байқалады.

Созылмалы колитте іштің қатуы да кездеседі. Жиі науқас адамдарда ұзаққа созылған іш қатудан кейін 1-2 күн тығыз нәжіс бөлінеді («нәжістік тығын»), одан кейін сұйық, көпірген және сасық иісті нәжіс массасы бөлінеді. Бұл жағдай «іш қатпалы іш өту» деп аталады. Белгі нәжіс тоқ ішектің төменгі бөліктерінде кідіріс жасап, кілегейлі қабықты тітіркендіріп, кейін секрецияны күшейтіп, нәжісті екінші ретті сұйылтатынынан туындайды. Кей науқас адамда іштің қатуы мен өтуі алмасып отырады.

Ауру адамның көбінде диспепсиялық симптомдар (жүрек айну, ауа кекіру, ащы кекірік, ауызда жағымсыз дәм болу, тәбеттің төмендеуі) болады. Олар тоқ ішектен асқазанға, өт қабына болатын рефлекторлық әсерлерге байланысты немесе ас қорытудың басқа мүшелерінің қосымша ауруларына байланысты туындайды.

Жиі іштің төменгі жағында және қапталдарында метеоризм анықталады, оған қоса салмақ сезіну, іштің шұрылдауы мен аударылып – төңкерілу сезімі болады.

СК болатын астеновегетативті синдром кейігіштік, ұйқының бұзылуы, бас ауыруы, көңіл-күйдің бұзылуы, жалпы әлсіздік, тез шаршау түрінде көрініс береді, интоксикация мен вегетактивті – тамыр дистониясына байланысты туындайды.

Созылмалы колитте ауру адамның жүдеуі болмайды. Науқас адамның тілі ақшыл – сұрғылт жамылғымен жабылған, ылғалды болып келеді.

Науқас адамды тексергенде 9-12 бел сегменттеріне сәйкес келетін тері гипестезиясының зоналары анықталады. Ішті сипап тексергенде немесе барлық тоқ ішек бойында, немесе оның басым бір бөлігінің үстінде ауырғандық және ішектің тығыздалғаны (немесе кеңігені) анықталады.

Қосымша мезаденит болған жағдайда ауырғандық тоқ ішекпен шектеліп қоймайды, ол кіндік айналасында және мезентериальдық лимфа түйіндері аймағында – соқыр ішектен ішке қарай және кіндік пен сол жақ бұғана сызығы мен қабырға доғасы қиылысатын нүктені қосатын сызықтың ортасында анықталады. Қосымша ганглионитте (патологиялық процеске жұлдызша өрімі қосылғанда) терең пальпация кезінде төс астында және іштің ақ сызығы бойында күшті ауырғандық анықталады.

Созылмалы колитте жиі тоқ ішектің түйілген жері мен кеңіген жері кезектесіп анықталады, кейде «шалпыл шуы» естіледі.

Екінші ретті колитте колит белгілерімен қатар негізгі аурудың белгілері болады.

Толық колит болмаған жағдайда аурудың клиникасы патологиялық процестің орнына тәуелді болады.

Тифлит (оң жақты колит). Іш өту тәулігіне 10 ретке дейін болады, іш өту мен қысқа мерзімді іш қату кезектесіп отырады, ауырғандық оң жақ мықын аймағында болады, оң аяқ, шап, кейде бел аймағына тарайды. Пальпацияда соқыр ішек түйілген немесе кеңіген, оның ауыратыны анықталады, перитифлит болған жағдайда – оның қозғалысы шектелген, мезаденит болған жағдайда – соқыр ішектен ішке қарай және кіндік маңы аймақта ауырғандық анықталады.

Трансверзит– көлденең жиек ішектің қабынуы. Іштің басым ортаңғы бөлігінде ауырғандық, іштің шұрылдауы мен кебуі байқалады, бұл белгілер тамақ ішкен бойда бой көрсетеді. Тамақ қабылдағаннан кейін жиі үлкен дәретке «шақырудың» күшті сезімі болады (гастротрансверзальдық рефлекс). Іш қату мен іш өту кезектесіп отырады. Терең пальпация кезінде түйілген немесе кеңіген, ауыратын көлденең жиек ішек анықталады. Кейде ішектің кеңіген жері түйілген жерлермен алмасып отырады.

Ангулит– тоқ ішектің талақтық бұрышының қабынуы (сол жақ қабырға асты синдромы). Сол жақ қабырға асты күшті ауырып, ауырғандық арқаға және кеуденің сол жағына тарайды. Ауырғандыққа қоса сол жақ қабырға астын басу, керу сезімі болады. Кейде жүрек тұсы ауырады және жүрек соғу сезімі болады. Дәрет тұрақсыз (іш өту мен қату кезектесіп отырады). Көлденең жиек ішектің талақтық бұрышы сипап тексергенде ауырғандық сезім береді. Осы жерде тимпанит анықталады.

Сол жақ колит (сигмоидит, проктит, проктосигмоидит) бәрінен жиі кездеседі. Іштің сол жақ жартысы мен сол жақ мықын аймағының ауыратыны тән, сонымен бірге дефекация кезінде артқы тесік тұсы ауырады, жаншу және керу сезімі болады. Дәретке отырудың жалған сезімі кезінде газ, кілегей және қан бөлінеді, ішектің толық босамаған сезімі болады. Ауырғандық дефекациядан және тазарту клизмасынан кейін күшейе түседі. Сыртқы тесік аймағы қышып, «суланады». Нәжіс «қой құмалағына» ұқсас болады, оған кілегей мен қан араласқан. Саусақпен тексергенде сфинктер спазмы анықталады. Проктосигмоидит диагнозы ректороманоскопия көмегімен дәлденеді.

Қосымша тексерулер.Копрологиялық тексергенде анықталатын белгілер:

1) қабыну белгілері: белокты анықтауда оң мәнді реакция (Трибуле сынамасы), лейкоцит саны мен сыдырылған эпителий клеткаларының көп болуы;

2) дисбактериоз белгілері: бифидобактериялар мен лактобактериялардың азаюы, гемолитикалық және лактонегативті эшерихия, патогендік стафилококк, протей, гемолитикалық стрептококк санының көбеюі;

3) тоқ ішек моторикасының күшеюі. Нәжіс көлемінің көбеюі, нәжіс ботқа тәрізді, оның түсі ақшыл – қоңыр немесе сары болады, реакциясы әлсіз қышқыл немесе бейтарапты болып келеді, онда клетка ішілік крахмал, қорытылу кезіндегі клетчатка, иодофильді флора көп болады;

 4) тоқ ішек моторикасының баяулауы. Нәжіс «қой құмалағы» тәрізді, шірік иісті болып келеді, реакциясы сілтілік болады;

5) тоқ ішек пен жіңішке ішек моторикасының күшеюі. Нәжіс көлемі көбейген, консис-тенциясы сұйық, түсі жасылша, реакциясы сілтілі, ішінде көптеген қорытылмаған бұлшық ет талшықтары, бейтарап крахмал, клетчатка, иодофильді флора болады;

6) ашу диспепсиясы синдромы: нәжіс көлемі көбейген, консистенциясы ботқа тәрізді, көпіршікті, сары түсті, қышқыл иісті, реакциясы қышқыл, ішінде крахмал, қорыту сатысындағы клетчатка, иодофильді флора көп болады;

7) шіру диспепсиясы синдромы. Нәжіс көлемі көбейген, нәжіс сұйық немесе ботқа тәрізді болып келеді, қоңыр – қара түсті, иісі шірік иіс, реакциясы сілтілік, белок пен аммиак өте көп, қорытылу сатысындағы клетчатка да анағұрлым көбейген.

Ректо- және колоноскопияда катаральдық немесе атрофиялық процесс анықталады, сирек – іріңді немесе фибринозды қабыну, жара түрінде зақымдану белгілері көрінеді. Созылмалы колит диагнозын биоптатты гистологиялық тексеру көмегімен де дәлдеуге болады.

СК тоқ ішекті рентгенологиялық тексеру (ирригоскопия) асимметриялық гаустрацияны, гипо- немесе гипермоторлық дискинезияны, кілегей қабық бұдырлығының тегістелуін, тоқ ішектің бариймен біркелкі емес толуын анықтайды.

Созылмалы колит ауырлығының үш дәрежесін ажыратады. СК жеңіл түрінде аурудың клиникасында онша айқын емес, «ішек симптомдары» басым болады, науқас адамның қанағаттанарлық жалпы күйінде айқын неврологиялық симптоматика байқалады. Пальпация кезінде тоқ ішек бөліктерінің ауыратыны анықталады. Копрограммада айтарлықтай өзгерістер болмайды. Эндоскопиялық қарағанда катаральды қабыну белгілері болады.

Орташа ауыртпалықты созылмалы колитте аурудың даму барысы табанды және қайталамалы болып келеді, аурудың клиникасында айқын ішек және астеновегетативтік синдромдардың белгілері, дене массасының төмендеуі болады. Пальпация кезінде соқыр ішек аймағында ауырғандық, іштің кебуі, іштің шұрылдауы мен шалпыл шуы анықталады. Ауруға тән копрологиялық синдромдар бой көрсетеді. Эндоскопиялық тексергенде тоқ ішектің кілегей қабығында айқын өзгерістер көрінеді.

СК ауыр түрі патологиялық процеске созылмалы энтерит белгілерінің қосылуымен (мальдигестия мен мальабсорбция т.б.) сипатталады.

Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы.Созылмалы колиттің диагнозы төмендегі мәліметтер негізінде қойылады:

а) клиникалық және анамнездік мәліметтер;

б) нәжісті тексеру нәтижелері;

в) эндоскопиялық және биопсиялық тексеру нәтижелері;

г) рентгенологиялық тексеру нәтижелері.

Созылмалы колитті созылмалы энтериттен, бейспецификалық жаралы колиттен, Крон ауруынан, ішек туберкулезінен, тоқ ішек ісігінен, тоқ ішектің функциональдық ауруларынан ажырата білу керек.

СК-ң созылмалы энтериттен ажырату белгілерін «Созылмалы энтерит» бөлігінде қараңыз.

Бейспецификалық жаралы колит (БЖК). БЖК ең айқын белгілері – іштің ауыруы, іш өту және нәжіспен қан бөліну. Іштің ауыруы ұстамалы түрде болады, ауырғандық сигма тәрізді және тік ішек аймағында орналасады. Үлкен дәретке отыру сезімі көбіне таңертең және түнде болады. Қан кету науқас адамның бәрінде дерлік кездеседі. Патологиялық процесс тік ішектен басталады. Тарау ауқымына қарай аурудың үш түрін бөледі: 1) проктит пен проктосигмоидит; 2) сол жақ колит; 3) толық колит. Копрологиялық тұрғыдан дистальді – колит синдромының белгілері анықталады: кілегей аралас нәжіс, нәжісті микроскопиялық тексергенде лейкоцит пен эритроцит саны көбейген. Дисбактериоз белгілері болады. Диагноз қоюда шешуші рольді ректороманоскопия мен колоноскопия атқарады: кілегей қабық жайылмалы зақымданған, оның резистенттілігі төмендеген, инструмент тиген жерден қан кетеді, кілегей қабықтың тамыр суреті айқын емес, кілегей қабықта түйіршіктер мен ісіну көрінеді, кілегей асты геморрагиялар көрінеді, эрозиялар мен мөлшері әр түрлі жаралар болады. Жиі псевдополиптер, микроабсцестер анықталады. Колоноскопиялық тексергенде ішектің зақымдану ұзындығы анықталады. Рентгенологиялық тексергенде – ішек қуысының анағұрлым ұзындықта тарылғаны анықталады, ішек тонусы сақталған, жара кемістіктері болатындықтан көптеген барий деполары анықталады.

    Крон ауруы ұзаққа созылған іш өтулермен (тәулігіне үлкен дәретке 5-6 рет отыру, нәжіс ботқа тәрізді, көбіне күндіз болады) сипатталады. Оң жақ мықын аймағының дәрет алдында күшті ауыруы ауруға тән белгі. Метеоризм мен ұзаққа созылған қызба анықталады. Толық немесе жартылай ішек түйнелуі мүмкін. Жиі аурудың алғашқы белгісі – артқы тесік айналасындағы жыланкөздер. Оң жақ мықын аймағында тығыз, ауыратын инфильтрат анықталады. Патологиялық процесс ішектің кез келген жерінде орналасуы мүмкін, бірақ жиі тоқ ішектің оң жақ жартысы мен илеоцекальды бұрыш зақымданады. Мықын ішегінің стриктурасы пайда болады. Эндоскопиялық тексергенде аурудың жартысында «көше тасы» түріндегі ошақты проктит болады, жеке жаралар, шектелген стеноздар анықталады, жанаспалы қан кету болмайды. Колоноскопияда соқыр ішек пен өрлеме ішек зақымданған. Рентгенологиялық тексергенде тоқ ішек қуысы тарылған, «перне симптомы» анықталуы ауруға тән. Крон ауруында ішектен тыс белгілер – полиартралгия, экзема, аллергиялық ринит, тыныс тұншықпасы кездеседі.

Ішек туберкулезі көбіне өкпе туберкулезіне қоса кездеседі және туберкулездік интоксикация белгілері – жалпы әлсіздік, жүдеу, субфебрильді қызба, тершеңдік, әсіресе түнге қарай, тәбеттің төмендеуі қоса болады. Көбіне илеоцекальді аймақ зақымданады, сондықтан осы аймақта тұрақты ауырғандық болады, соқыр ішектің және мықын ішегінің терминальді бөлігінің қабырғасы қалыңдаған және ауырады. Колоноскопия мен рентгенологиялық тексергенде кілегей қабық жаралары, тыртықты стеноздар көрінеді. Нәжісте туберкулез микобактериясы табылады. Жара биоптатын гистологиялық тексергенде Пирогов – Лангханстың көп ядролы алып клеткалары бар эпителиоидтық гранулемалар мен казеоз анықталады.

Тоқ ішек рагі жөнінде күдік жақында пайда болған ішек синдромында, нәжісте қан пайда болғанда туындау керек. Кейін аурудың басты симптомдары үдей түседі және қолданған емнен нәтиже болмайды.

Тоқ ішектің оң жақ бөлігінің рагінде ішектен қан кету мен анемия, іштің оң жағының ауыруы болады, пальпация кезінде бұдырлы тығыз ісік анықталады, ішек түйнелуінің белгілері болмайды. Тоқ ішектің сол жақ бөлігінің рагінде жартылай ішек түйнелуінің белгілері, іштің ұстамалы бүріп ауыруы, іш өтуі мен қатуының кезектесуі байқалады, нәжісте қан, кілегей, ірің болады, тік ішек бойында ауырғандық сезіледі, дефекация қиындайды. Тік ішек пен сигма тәрізді ішек ісігінің диагнозын ректороманоскопия көмегімен, көлденең – жиек ішек пен тоқ ішектің оң жағы ісігінің диагнозын колоноскопия көмегімен қояды. Эндоскопиялық тексеру кезінде ісік жөнінде күдік тудыратын жерлерден биопсия алады. Ирригоскопияда – толу кемістігі, бұл кемістік шеттерінің тегіс еместігі, жиі – ісік бар жерде ішек қуысының сақина тәрізді тарылғаны көрінеді.

Тоқ ішектің бірінші ретті дискинезиясы («тітіркенген тоқ ішек») күштілігі әр түрлі іш өтулерімен, іштің қатуымен, іштің кебуімен және бүріп ауыруымен сипатталады. Науқас адамның жалпы күйі өзгермейді, көз түсерліктей арықтау болмайды. Бірінші ретті дискинезияда ішек бұзылыстары психикалық, эмоциональдық факторлармен байланысты болады, іш қатуы, канцерофобия, вегетативтік тұрақсыздық белгілері басым болады. Эндоскопиялық тексергенде және биопсия кезінде органикалық өзгерістер болмайды. Рентгенологиялық тексергенде ішектің қозғалыс функциясының бұзылыстары (спастикалық гаустрация, ирригоскопия кезінде контрастты затты енгізу ауырғандық тудырады) болады, кілегей қабық бетінің рельефі бұзылмаған. Копрограммада – эритроциттер, лейкоциттер, бейтарап майлар болмайды. Жиі кілегей анықталады. Дисбактериоз сирек кездеседі.










Последнее изменение этой страницы: 2018-04-12; просмотров: 264.

stydopedya.ru не претендует на авторское право материалов, которые вылажены, но предоставляет бесплатный доступ к ним. В случае нарушения авторского права или персональных данных напишите сюда...