Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Мектепке дейінгі мекемелерде балаларды кітаппен таныстыру міндеттері




МИНИСТРЛІГІ

ПАВЛОДАР МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКА ИНСТИТУТЫ

БАКРАДЕНОВА А.Б.

МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАР

ТІЛІН ДАМЫТУ

ТЕОРИЯСЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ

ПАВЛОДАР-2015

УДК 372. 881.1

ББКК 74.261. 3

Б 21

Павлодар мемлекеттік педагогика институтының Ғылыми кеңесінің шешімімен оқу құралы ретінде баспаға ұсынылды.

 

 

Пікір білдіргендер:

ПМПИ профессоры, филология ғылымдарының докторы, Жумашева А.Ш.

С.Торайғыров ат-ғы ПМУ-дің профессоры , филология ғылымдарының кандидаты Карипжанова Г.Т.

Б 21 Бакраденова А.Б.

Мектеп жасына дейінгі балалар тілін дамыту теориясы мен әдістемесі. Оқу құралы. Павлодар: ПМПИ баспасы, 2015. 310бет

 

ISBN

 

Оқу құралы материалдары 5В010100 «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» мамандығына арналып, ҚР МЖББС үлгілі оқу жоспарына сәйкес жинақталып жазылған. Мазмұнында мектеп жасына дейінгі бала тілінің қалыптасуы мен байланыстырып сөйлеуін қамтитын отандық, шетелдік теориялар және әрбір тіл дамыту міндеттерінің әдіс-тәсілдері жүйеленеді.

    Еңбек мектепке дейінгі оқыту орындары студенттеріне, оқытушыларына және оқу-тәрбие мекемелерінің тәрбиешілері мен тіл дамыту әдістемесі саласы бойынша ізденушілерге, бала тәрбиесімен айналысатын орталықтарға арналады.

 

ISBN

УДК 372. 881.1

ББКК 74.261. 3

Б 21

Бақраденова А.Б.,                                                                      ПМПИ, 2015

ТҮСІНІКТЕМЕ

Оқу құралы 5В010100 «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбилеу» мамандығы бойынша жоғарғы оқу орындарында күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде оқитын студенттерге арналып дайындалды. Сол сияқты бұл кітапты тіл дамыту әдістемесінен білімдерін көтеретін тәрбиеші, әдіскер және тіл мамандары да пайдалана алады.

Тіл дамыту әдістемесі теориялық және практикалық ізденістердің, ғылыми зерттеулердің, жекелеген ой-тұжырымдардың жинағы ретінде әрі кең де, әрі тар, нақты қолданбалы ғылым. Құралда бала тілінің туғаннан мектеп жасына жеткенге дейінгі даму сатылары бұрыннан анықталған және жаңамен толықтырылған жүйеде беріледі. Мектепке дейінгі кезеңдегі бала тілінің дамуы әр қырынан шетелдік және отандық ғалымдардың зерттеу нысаны болып келе жатқаны аян. Мектепке дейінгі оқу-тәрбие мекемелеріне қажетті тәрбиеші тұлғасы кәсіби-педагогикалық қызметте қалыптасып, көрініс беретінін ескерсек, жоғары оқу орнында оқитын студенттердің әдістеме пәндерінен алатын білімдері бүгінгі түрлі деңгейлі, зерттеушілік, ізденімдік бағыттағы балабақша қызметімен тығыз байланыста болуы керек.

Жоғары оқу орындарының алдындағы бүгінгі мақсат – жоғары білімді мамандар дайындауда мемлекет сұранысын орындау, яғни институт қабырғасынан білікті кәсіби тәрбиеші мамандарын шығару. Біліктілік дегеніміз – оқу үрдісі мен практикалық іс-әрекеттің тоғысында игерілетін өз қызметін құзыреттілікпен атқаратын қабілеттілік, белгілі бір білім саласында меңгерілетін шеберлік деңгейі. Мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісінің біліктілігіне оның өзі оқыған пәндерден алған педагогикалық, технологиялық сауаттылығы, қазіргі заман сұранысына сай әдістемелік тұрғыдағы құзыреттілігі жатады. Осы орайда «Мектеп жасына дейінгі бала тілін дамыту әдістемесі» пәні ҚР МЖМБС 5.04.019-2008 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартында» және «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбилеу» мамандығы бойынша жоғарғы оқу орындарының білім беру бағдарламаларында міндетті пән ретінде орын алады.

Құралдың мақсаты –қазіргі кезең балаларының ана тіліне оқыту мен сөйлеуін тиісті деңгейде дамытуда студенттер мен педагогтер білуге міндетті әдістеменің ғылымыи-теориялық негіздерін түсінуге көмектесу; бала тілін дамыту әдістемесінің ғылым ретінде қалыптасу тарихынан білім жинақтап, қолданбалы пән ретінде тәжірибеде зерттеліп, дәлелденген ой-тұжырымдармен қарулануға, одақтық және отандық ғылыми зерттеулерді салыстыра сараптай білуге, өткен мен жаңа ғылыми ізденістерден өздігінен ой түюге жетелеу; жинақтаған теориялық білімді тәжірибеде көрсете білуге мүмкіндік туғызу.

Оқу құралы отандық әдістеме үрдістерін негізінде шетел, орыс және қазақ зерттеушілерінің бала тіліне байланысты зерттеулерінің, автордың осы пәннен ұзақ жылдар бойы практика жүзінде игерген дәріскерлік, ғалымдық іс-тәжірибесінің жинағы түрінде шығарылып отыр.

Ұсынылып отырған оқу құралы негізгі 8 тараудан тұрады. Құралдың әрбір тарауы осы күнге дейін маңызы ерекше Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры А.М.Бородичтің тіл дамыту мәселелері бойынша алғаш рет теориялық тұрғыда жинақтап жазған дәрістік материалдары, шетелдік және отандық ғылыми зерттеу еңбектер, жоғары және орта білім беретін институттар мен педколледждерге арналған оқу құралдары мен қазіргі білім беру технологиялары негізге алынып жазылды. Болашақ педагогтер мен тәрбиешілердің балалардың ана тілін дамыту бойынша кәсіби бағдарлы білім алуы тілдің лингвистика саласын терең білуді қажет етеді. Сондықтан құралдың «Мектеп жасына дейінгі бала тілінің грамматикалық жағын қалыптастыру»,«Бала тілінің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеу», «Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін қалыптастыру» атты тарауларында қазақ тілі салалары (фонетика, морфология,синтаксис) бойынша баланың сөйлеу тілін қалыпты деңгейге жеткізуге негіз болатын тұлғаларға анықтамалар берілді. Бұл мамандарға баланың қазақ тілінде грамматикалық жақтан дұрыс сөйлеу тілін тәрбиелеуге бірден-бір қажет білім болып табылады.

    Әрбір тараудың және кейбір қомақты тараушалардың соңында студенттердің өздігінен қарастыратын жұмыс түрлері, оларды орындау жолдары, қосымшада «Мектеп жасына дейінгі балалар тілін дамыту әдістемесі» және «Мәнерлеп оқу практикумы» пәндері бойынша студенттер орындайтын реферат, дипломдық жұмыстардың тақырыптары және тест сұрақтары берілді.

 

ТАРАУ

1.1.Тіл – қоғамдық тарихи дамудың жемісі және тәрбие беру құралы ретінде

Тіл дамыту әдістемесінің оқу пәні ретінде методологиялық негізі –таным теориясы мен тілдің адам өмірі мен қоғамдағы рөлі туралы теориялық анықтамалар. Өйткені әдістеме өзінің ғылым ретінде дамуын таным теориясы негізінде анықтайды. Сондықтан мектеп жасына дейінгі балалар тілін дамыту әдістемесі әрі педагогикалық, әрі қоғамдық ғылымдар қатарына жатады. 

Алғашқы қауымдық құрылыс заманында адамның қызметі, көбінесе жабайы қозғалыс, қозғалыс болғанда соқыр сезім билеген еріксіз қозғалыс болған. Төңірегіндегі табиғаттың түрлі құбылыстарына тап болып, қорыққанда не қуанғанда, таңданғанда, бір жері ауырғанда адам айқайлап дыбыс шығарып жүрген, сол дыбыс адамның қандай күйге түскенін маңайдағы басқа адамдарға білдіріп отырған, міне, адамзаттың алғаш сөйлеуінің негізі осыдан басталған делінеді.

Бұл – тілдің ең алғашқы дәуірі. Ендеше, алғашқы дәуірдің тілі, бұрынғыша айтсақ, «жанның түрлі күйін» қозғалу арқылы білдіретін құрал болған екен. Тілдің пайда болуы туралы пайда болған бірінші теория- дыбысқа еліктеу теориясы: яғни адамзат тілі пайда болмай тұрып, адамдардың айналасындағы дыбыстарға еліктей отырып («с-ыс-ыс», «тсс-т-с-с» т.б.), алғаш дыбыстар шығара бастағандығына сүйенеді. Екіншісі - одағай теориясы. Бұл теория шошыну: ой-ой; шаршау: уһ-аһ делініп дыбыс тіркестерінің пайда болуына негізделеді. Кейбір философтар алғашқы сөздер адамдардың көңіл-күйлерін жеткізу салдарынан туғанын дәлелдеген. Үшіншісі - маркстік - лениндік концепцияларға сүйенетін еңбек теориясы деп аталады. «Сөйлеудің пайда болуы әрбір еңбек қозғалысының арасындағы кідірістен шыққан» деген болжам айтылған. Мысалы: Аралау: ары-бері, жану, жеу-жечь, жевать, жұту – жақ қозғалысынан шыққан сөздерге ұқсайды, бала тіліндегі нәйім-нәйім, ням-ням осы теорияны шындыққа жақындатады.

Тілдің пайда болуы туралы теориямен танысқанда, неліктен адам ғана сөйлей алатын болған деген сұрақ туады. Оған бір ғана жауап бар: бұл адам миының ерекше құрылысымен және оның біртіндеп дамуымен түсіндіріледі. И.П.Павлов миды қоршаған ортаға тез бейімделетін орган деген. Мысалы, бала 400грамм мимен туылады екен, бір жылдан соң ол екі есе, бес жаста үш есе ұлғаяды, 22-25 жаста мидың өсуі тоқтайды. Жалпы бала сөйлеуінің пайда болуы туралы ілім И.П. Павловтың тілдің қалыптасу механизмін түсіндіретін екі сигналды жүйесіне негізделген. 1-сигнал- жан-жағындағы құбылыстарды сезуі арқылы түсініктердің пайда болуы; 2-сигнал - түсініктердің мида қорытылып, сөз арқылы бейнеленуі (1-жаста1-сигнал, әрі қарай 2-сигнал жас ерекшелікке қарай өрістейді) делінеді.

Адамзаттың мәдени өмірінің қалыптасуының екінші дәуірінде адам көзі көрген нәрселердің дыбыстарына еліктеуге талпынса керек: сол еліктеп дыбыс шығару арқылы нәрселердің бейнесін белгілеген. Мәселен, философиялық ой-тұжырымдарда итті «гаф-гаф», мысықты «мияу-мияу» деген дыбыстарға, тағы түрлі аңдарды шығаратын өзіндік дыбыстарға еліктеп бейнеленген делінеді. Найзағайдың шартылын, судың сарқырауын, ағаштың құлауын бәрін де еліктеп атаған. Бұл – екінші дәуір.

Адамзат тілінің үшінші даму дәуірінде зат пен дыбыс арасындағы байланыс үзіле береді. Нәрсені атау үшін, дыбысына еліктемейді, басқа бір белгісіне, басқа бір нәрсесіне сүйеніп атауға айналады. Бұл тілдің, дәуірдің өркендеген, жетілген заманы болды. Әйтсе де, ескіден қалған еліктеудің сарқыншағы осы күнге дейін сақталғандығы көрініп тұр. «Тарс-тұрс, гүрс-гүрс, күңгір-күңгір, шиқ-шиқ» сияқты одағайлар, осы одағайлардан шыққан етістіктер, есімдер бәрі де еліктеудің салдары.

Адамзат тілінің осылайша өркендеген дәуірін бала да басынан кешіреді. Бала шыр етіп жерге түскенде, дыбыспен бірге туады. Шыр етіп- жаңа дүниеге келген кезінде-ақ балада жағымсыз сезім пайда болғанын оның жылауы көрсетеді. Бір жері ауырса, не қарыны ашса, дауыспен шыңғырып жылайтыны – еріксіз қозғалыс, биологиялық-физиологиялық сезімдерден туған. Бала түрлі дыбыстар шығарумен (уілдеуімен, ыңылымен), дыбыс пен сыртқы заттар арасында байланыстар жасап, бейне туғызып алады. Мәселен, бір жері ауырғанда жылайды. Жыласа шешесі келіп бірдеңе істейді екен, содан барып жаны жай тауып, тынышталады. Бұдан не байқалады? Бала жылау мен тыныштану арасында не жақындық барын сезеді. Содан кейін, бала бесікте жатқысы келмей, жылайтын болып алады. Бұл жай жылау емес, ішкі тілегін білдіру, қарым-қатынасқа түсуін білдіре жылауы. Жүре-жүре бала ішкі тілегін сыртқа шығару үшін дыбысқа еліктейді: сиырды «мө-ө», қойды «мә», мысықты «мияу», итті «аф-аф» дейтін болады. Бара-бара олардың бұрынғы әуен-ырғақтардан туған атаулардан басқа да атауы бар екенін естиді, бір емес, әлденеше рет «сиыр», «ит» деген сөздерді естиді. Алғашқыда былдырлап, тілі жөнді келмей, сөйте-сөйте машықтанып, әуелі бір буынды, екі буынды, содан кейін үш буынды сөздерді айтып үйренеді. «Бала тілінің дұрыс дамуының бірінші шарты балаға сөзді бұзып сөйлемеу керек және балаға ұқпайтын жат сөз үйретпеу керек. Екінші – баланы өзі теңді балалармен бірге ойнату керек. Баланы ешбір уақыт сөзден тыймау керек. Былдырласын, шолжаңдасын, сөйлей берсін Ал енді баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, байытатын – мектеп» [50.,2] деп бағалаған М.Жұмабаевтың ой-тұжырымында философиялық негіз жатыр.

Кісі білімді, тәлім-тәрбиені, тіл арқылы алады, мәдениетті өнерді, ғылымды, техниканы тіл арқылы үйренеді. Тіл – адам қатынасының аса маңызды құралы. Өйткені адамдар тіл арқылы пікір алысып, түсініседі, өзара коммуникативтік қарым-қатынасқа түседі.

Тілді жақсы білу оңай жұмыс емес. Өйткені оның шегі жоқ. Тіл – көненің көзі халықтың ерте кездегі әдет-ғұрып тұрмысы жайындағы этнографиялық ұғымдардың атаулары (сөздермен сөз тіркестіреді) тарихи сөздіктер мен тарихи шығармаларда сақталып, олар жайында мағлұмат береді. Этнографтар халықтың замандар бойындағы тұрмыс-салты, әдет-ғұрпына байланысты жайлар мен халық жасаған материалды байлық, рухани мәдениетке қарсы жағдайларды зерттегенде, тіл фактілеріне соқпай өте алмайды. Өйткені тіл – солардың бәрін ұзақ замандар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткізген және сақтап қалған құралдардың бірі.

 

 

1.2. Мектеп жасына дейінгі балалар тілін дамыту әдістемесі пәні және оның ғылыми негіздері

Тіл дамыту әдістемесі педагогикалық пәндермен тығыз байланыста қалыптасып, дамып келе жатқан қолданбалы ғылыми пән. Оны зерттеу пәні - тілге үйрету үдерісі мен іс-жүзінде қолданымы.

Мектеп жасына дейінгі балалар тілін дамыту әдістемесінің басты мақсаты – балабақшада оқу-тәрбие жұмыстарын ана тілінде ұйымдастырып, балаларға лингводидактикалық және психофизиологиялық негізде теориялық білім беру, болашақ тәрбиешілерге балалар тілін дамыта жүргізе білуін қалыптастыратын тиімді әдіс-тәсілдерді игерту. Тіл дамыту әдістемесі баланың ауызекі сөйлеу тілін қалыптастырудың, өзгелермен қарым-қатынасқа түсуін қамтамасыз ететін педагогикалық әрекеттердің заңдылықтарын қарастырады. Оның атқаратын міндеттерін негізгі (фундамантальді) және қосымша міндеттер деп бөлеміз.

Негізгі міндеттерге жататындар:

а) баланың ана тілін игеру үдерісіне, күнделікті ауызекі сөйлеуіне және өзгелермен тілдік қарым-қатынасына байланысты зерттеулерді қарастыру;

ә) баланың ана тілін дамыту заңдылықтарын оқып-үйрену;

б) тілге қатысты оқыту принциптері мен әдістерін айқындау.

Әдістеме пәндеріне қатысты қосымша міндеттер төмендегідей:

- не үйрету? (қандай тілдік дағдылар мен сөйлеу формаларына үйрету);

- қалай үйрету? ( үйрету үдерісіне жағдайлар туғызу, қандай формалар мен тілдік құралдарды алу және оларды меңгертуде қай әдіс-тәсілдерді қолдану);

- неліктен олай оқытып-үйрету? (әдістерге әдістемелік негіздеме жасау) сияқты сұрақтар төңірегінде анықталады. «Не үйрету?» – бағдарламалар мен дидактикалық оқу құралдарын, «қалай үйрету?» – тіл дамыту әдістері мен жолдарын, ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерін, сабақтарды және қажетті ойын-жаттығуларды, олардың балабақшаға және ата-аналарға арналған әдістемелік нұсқаулықтарын дайындау деген сөз. Ал үшінші сұрақ оқу-тәрбие ісіне таңдап алған әдіс-тәсілдердің, қолданысқа енгізілген бағдарламалар мен әдістемелік нұсқаулықтардың ғылыми-практикалық негіздемесін қарастырады.

Тіл дамыту әдістемесі пәні тіл дамытудың құралдары мен әдіс-тәсілдерін ұсынып, оларды мектепке дейінгі мекемелердің іс- тәжірибесіне енгізуді, тиімді қолдануды көздейді. Қолданбалы пән ретінде тіл дамыту әдістемесі ұсынатын лингводидактикалық, әдістемелік тұжырымдар мен нұсқаулар мектепке дейінгі мемлекеттік ұйымдардағы озық іс-тәжірибелерді негіз ете, үлкендер мен балалардың табиғи тілдік қатысымын зерттей отырып жазылған. Сондықтан да тәрбиеші бала тілін дамыту әрекетін, арнайы оқыту үдерісін дұрыс ұйымдастыру үшін әдістеменің ғылыми методологиялық негіздерін жақсы білуі керек.

Пәннің ғылыми негіздері оқулықтарда «методологиялық негізі», «физиологиялық негізі», «лингвистикалық негізі», «психологиялық негізі», «педагогикалық негізі» деп беске бөлінеді. Ал соңғы ғылыми ізденістерде бала тілін дамыту әдістемесі пәні психологиялық негіздерге, жалпы және жас ерекшелігі физиологиясы мен мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы ілімдеріне, концепцияларына сүйене бастады [118.,14]. Физиология ғылымы негізінде алсақ, адамның сөйлеуі сөйлеу аппаратымен туылуы және әр адамның жеке ерекшелігіне байланысты екендігі есепке алынады. Тіл тәуелсіз, еркін түрде дамиды, баланың, үлкендердің сөйлеу тілінің ерекшеліктері ажыратылады, ол ерекшелік көптілділік ортада да байқалады. Тіл жасқа байланысты емес, оған қатысты ерекшеліктері болмайды. Сөздердің дұрыс қолданылуына, сөйлеудің дұрыс болуына тілдік орта басшылық жасайды. Сондықтан бала тілінің дұрыс болуы анатомиялық, физиологиялық кемшіліктерінің болмауына байланыстылығымен қатар оның қандай ортада (ана тілді, политілді) өсіп, тәрбиеленіп келе жатқандығына байланысты.

Тіл дамыту әдістемесі педагогикалық дидактиканың бөлімі ретінде педагогика терминдерін (оқу іс-әрекетінің немесе сабақтың мақсаты, міндеттері, әдіс-тәсілдері; «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу тұжырымдамасына» қатысты заңдарды, ұстаным-құралдарды) қолданады, бұл қолданыстардың баланың жас ерекшеліктеріне байланысты болуы – әдістеменің өзіндік ерекшелігі.

XIX ғасыр басында тіл білімі ғылымы тілді тарихи тұрғыда, басқаша айтқанда, салыстырмалы тарихи методты қолдану арқылы алғаш рет зерттей бастаған. Бірақ жиырма бірінші ғасырға дейін тілдің қалыптасуы, дамуы, олардың өзіндік ерекшеліктері айқындалмай, тек сипаттама берумен шектеліп келді. Тіл білімін зерттеуде тарихи салыстырмалы әдістің де, сондай-ақ, синхрониялық әдістің де пайдасы мол болды.

 «Тіл – жанды құбылыс. Тіл сөйлеу, сөйлесу, оқу-үйрену, жазу арқылы өседі. Бұл үшеуінің бір де біріне көңіл аудармау ең үлкен қылмыс» дейді – академик жазушы Ғ. Мүсірепов [4]. Халел Досмұхамедұлы тіл, сөйлеу адам психологиясының басты белгілерінің бірі екендігін ескертіп: «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт –жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді» [21.,4]. деген.

Тілдің методологиялық негізін айқынырақ қарастырған К. Маркс пен Ф. Энгельс «тіл – шындық ойдың тікелей айғағы» деп тұжырымдады. Бұл ойды одан әрі марксизм-ленинизм классиктері жалғастырып, тіл ойдың сыртқы көрінісі, тіл мен сана тәжірибе жемісі екенін нақтылай түседі. Тіл мен ойдың қатар дамитынын, сананың тікелей айғағы болғасын, тіл аса қажет екендігін, оның екеуара бірлігі қатынас құралы қызметін атқаратынын дәлелдеп берді.

Тіл де, ойлау да – адамға тән құбылыстар. Бұл адамның екі жақты табиғатына, яғни әлеуметтік және биологиялық табиғатымен ұштасып жатады, екеуін бірдей қамтиды. Қазіргі кезде ой мен тілді зерттеушілердің әртүрлі ғылымдарға, әсіресе антропология салаларының нәтижелеріне сүйеніп,өзіндік пікір тұжырымдайтындар да бар. Сондай зерттеушілердің бірі Американ антропологы және тіл зерттеушісі Бенжамен Л. Уорф (1877-1941) «Ойды тіл билейді» дейтін гипотеза құрып, осындай болжам жер жүзіне бірсыпыра пікір таратқан болатын.

Б. Уорф ойды тіл билейді дегенде, ол тілдерді әуелі бірнеше топқа: ағылшын, неміс, француз тілдеріне бөліп, бұны орта Еуропалық стандарт деп атайды. Осы орта Еуропалық стандарт тілдерімен Америкадағы артта қалған индеец тайпаларының (хопи, нутца т.б. сияқты) тілдерін салыстырып, бұл тайпалардың тілдері өзгеше құрылған деген қорытындыға келді. Философ тілдің ойды билейтін функциясын «грамматика» деп атайды[8.,15].

Ал, Д.Уорфтың түркі тілдес халықтарының тіл ерекшеліктеріне тоқтап: «...бұл тілдер, орта Еуропалық стандарт тілдері сияқты ойды жеткізуде икемділік көрсете алмайды. Бұл тілдер тек кейінгі кезде ғана қалыптасты» деген ой айтады. Д.Уорфтың бұл болжамының қазіргі көптілділікті дамыту мәселесіне қатысы ерекше. Өйткені адамның ойы сыртқы ақиқатқа байланысты болғанымен, оның бедерленуі әрбір тілде түрліше келетіні ескерілуі қажет. Осы мәселе – этнопсихология ғылымы зерттейтін негізгі нысанның бірі болып саналады.

Тіл – қоғам дамуының көрсеткіші. Тілдің дамуы ойдың дамуымен тікелей байланысты. Тіл арқылы білім жинақталады, адамның тұлға болып қалыптасуына, білік-дағдыларының, құзыреттілігінің артуына бірден-бір ықпал ететін – тіл. Міне, осындай тілдің теориялық концепциялары арқылы ана тіліне үйрету мен тәрбиелеу мәселелерін шешудің нақты жолдары анықталады. Тілдің адамзаттың қарым-қатынас құралы екендігі, оның пайда болуы, бала жастан дамытылатыны, тіл әлеуметтік, қоғамдық қатынастарға негізделетіні философия ғылымдары негізінде жан-жақты дәлелденген.

Мектеп жасына дейінгі баланы байланыстырып сөйлеуге, мектепалды кезеңде жазуға үйретуде ақыл-ой қызметінің орнын анықтауда ғалымдар көп еңбектенген. Солардың бірінен мысал: Кішкене бала тілі шықпай, қолына қарандаш ұстайтын шаққа келгенде-ақ, түрлі сызықтар сыза бастайды. Л.С.Выготский зерттеуі бойынша, ол бізге, үлкендерге, шимай сызық болғанымен, бала үшін ішкі ойдың көрінісі, яғни баланың ойы қолының қозғалысы (жест) арқылы көрінеді. Тілі шыға бастаған кезде бұл шимайлар мағыналы сызықтарға айнала бастайды. Бала ол сызықтарына ішкі ойлау арқылы мағына беріп, бара – бара ойын сыртқа шығарады, тіл арқылы бұл шимайлар мағыналы сызықтарға айнала бастайды. Бала ол сызықтарына ішкі ойымен мағына беріп, бара – бара ойын сыртқа сөйлеу арқылы шығара бастайды, яғни сурет сала отырып, сөйлеп отырады. Міне, осылай іштей ойлау сияқты психикалық үдеріс балада табиғи тәсіл қалыптасады. Сонда табиғи тәсіл деп отырғанымыз әуелгі шимай, кейінгі суреттер салу – баланың ішкі ойының сыртқа сөйлеу арқылы шығуы. Бұл тәсілді бала мектепке дейін (өздігінен не балабақшада) дамытып келеді. Мектепке келгеннен кейін бұл тәсіл ескерілмей, жазуға үйретудің дәстүрлі әдістемелік жолы қолданылады. Балаға таныс емес жаңа тәсіл оның даму динамикасын күрт басқа арнаға салып жібереді.

Әдістеменің психологиялық негізін жалпы және жас ерекшелігі физиологиясы, мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы ілімдері мен концепциялары құрайды. Ана тілін дер кезінде және сапалы меңгеру бала психикасының дұрыс қалыптасуының және оның кейін жақсы дамуының ал­ғашқы аса маңызды шарты болып табылады. Дер кезі дегеніміз – дүниеге келген алғашқы күннен баламен ана тілінде сөйлесе бастау, сапалы дегеніміз – тілдік материал көлемінің жеткілікті болуы және баланың әрбір жас кезеңіне қарай тілді меңгеруге деген мүмкіндіктерін толық пайдалану. Л.С.Выготский мен оның мектебінен шыққан А.Н.Леонтьев, Д.Б.Эльконин, П.Я.Гальперин, В.В.Давыдов т.б. психологтардың тұжырымдары бойынша оқыту баланың даму мүмкіншілігіне сүйене отырып, қол жеткізілетін жетістікпен тоқталып қалмай, білімді әрі қарай дамыта беру. Осы мектептің шәкірті И.Я.Лернер «Дамыта оқыту дидактика тұрғысынан жеке тұлға қалыптасуының бірте-бірте кеңейген аспектілерін қамтиды» деген [77]. Бұл балабақша балаларын байланыстырып сөйлеуге үйрету үшін жас ерекшеліктеріне қарай әр алуан әдістемелік сұрақтарды шешу деген сөз.

Тілді психологиялық қырынан ғалым Л.С.Выготский және оның мектебіндегі шәкірттері қарастырды[36]. Олар ойлап шығарған «дамыта оқыту» концепциясы бала тілінің табиғи деңгейлік даму кезеңдерін көрсетеді. Л.С.Выготский, А.А.Леонтьев, И.А.Зимняя және басқалар ұсынған келесі «әрекет теориясы» бала тілінің даму деңгейіне сүйенеді, оның ұстанымдары баланы алға сүйрейді. Балаларды тілдік әрекетке келтіру үшін ғалымдар мынандай талаптар ұсынады:

1. сөйлеуге қажеттілік тудырылу, яғни балаларға тапсырмалар беруде олардың балаларды өзара сөйлететіндей етіліп берілуі;

2. тіл мазмұнын нақтылау (не туралы сөйлейтіні);

3. тілдік құралдардың (тіл таңбалары: сөздер, сөз тіркестері, т.б.) жеткілікті болуы [21].

Психологтар бала психикасын зерттей отырып, баланың санасы іс-әрекет нәтижесінде дамитындығын дәлелдеп, осы әрекет үрдісінде ойы мен тілінің қалыптасатындығын анықтады. «Әрекет теориясы» тұжырымының маңызын тұңғыш рет Л.С.Выготский қолданды, соңынан ізбасарлары: А.Н. Леонтьев, А.Р. Лурия, Л.И.Божович, П.Я.Гальперин, т.б. жалғастырды.

Сөйлеу тілі үш қызмет атқарады: қарым-қатынастық, танымдық және тәртіптеушілік. Тілдің қарым-қатынаста, сөйлеу ортасында дамитыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Тіл балаға қоршаған ортаны тануға көмектеседі. Туындаған жағдайларға байланысты қоғамнан алыстатылған адам баласында сөйлеу тілі тиісті деңгейде қалыптаспайды. Бұған дәлел Мауглиде, қасқырлар тұратын үңгірде қалып қалған балалар жағдайы. Тілдің адамның нәсілдік және тектік белгілеріне қарай берілмейтінін қазіргі көптілділік орта да дәлелдеп отыр. Қоғамда қай тіл басым болса, сол тіл үстемірек болып, ұзағырақ жасайтынын отбасындағы тіл жағдайы да көрсетуде. Жинақтап айтқанда, тілдің қарым-қатынастық қызметі өз деңгейінде қалыптасқан тіл жалпыхалықтық тілге айналып, қоғамның даму көрсеткіші бола алады.

Тіл – бала үшін таным құралы. Қалыптасқан сөйлеу тілі ортасынан жаңа сөздерді, жаңа грамматикалық формаларды біртіндеп үйрену арқылы бала айналаны тереңірек тани түседі. Техникалық құрал түрлерінің дамуына орай балаға жеткізіліп жататын ақпараттардың молдығы соншалық, бүгінгі мектеп жасына дейінгі баланың сөйлеу тілі тез және жоғары деңгейде қалыптасуда. Мәселе – жас ұрпақтың қай тілді таным құралы етуінде болып отыр. Дегенмен, тәрбиешілер баланың қоршаған ортаны алдымен сөз арқылы танып өсетіні, әрі ол өте ерте, тіпті баланың ана құрсағында жатып-ақ басталатынын ескеруі керек. Сөз арқылы бала өмірінің ерте сәбилік шағында қарапайым түсініктерді қабылдай бастаса, балабақшада тәрбиеленетін кезеңдерінде ана тілі жан-жақты білім алу құралына айналады.

    Тіл – әлеуметтік құбылыс. Бала ана тілін қоғам мүшесі ретінде пайдалануды табиғи айналадан үйренеді. Балаға дем алу, тамақтану қаншалықты табиғи болса, жастайынан тіл үйренуі де сондай табиғи. Бірақ олардың әрқайсысының тіл үйрену негізі болмаса, оның себеп-салдары әртүрлі. Ана тілін жақсы білу – әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. Сондықтан бастауыш мектептен бастап бала ана тілін білу, үйрену, тіл мәдениетін арттыруды барлық саналы өмірінің әрекеті деп түсінуі керек.

Тіл адамның мінезіне ықпал етеді. «Болмайды», «болады», «осылай жасау керек» дегенді мінезді реттеуіш сөздер деуге болады. Бұл сөздер бала санасын оятады, еркін тежеуге, тәртіпті болуға итермелейді. Тәртіптеуіш сөздерді дұрыс қабылдаған бала кейінірек «мейірімділік», «инабаттылық», «қамқорлық жасау» деген сөздердің мағыналарын бойына жинақтап, жағымды әрекеттер жасай бастайды.

Жинақтап айтқанда, мектеп жасына дейінгі балаларды ана тіліне үйретуде философиялық, психологиялық-лингвистикалық зерттеулерден ескерілетін ғылыми ой-тұжырымдар мыналар:

- «Баланың лингвистикалық дамуы - жинақтаған білім ішінен жаңаны қабылдауы, оның ақыл-ойының дамуына және мектепте ана тілін жүйелі түрде оқуына бірден-бір ықпал етуі керек. (Ф.Сохин).

- Дамыта оқыту – бүгінгі мектеп жасына дейінгі баланың ана тілін дамытудың стратегиясы. Психологияның негізгі қағидасы – мектеп жасына дейінгі баланы әлеуметтік құбылыс ретінде дамыту, оқу-тәрбие жұмыстарын ақыл-ой тәрбиесін арттыру арқылы жүргізу. Дамыта оқытудың негізгі концепциясы – бүгінгі мектеп жасына дейінгі баланың ана тілін дамытудың болашағын («жақын аймақта оқыту») болжау, тәрбиеші әр баланың психологиясын жақсы сезініп, олардың тілі, сөйлеуі ертеңіне қалай қызмет ететінін білуі керек (Л.С.Выготский).

- «Бала өзінің дамуын сезіну керек, педагогтің айтқанын қабылдап қана қоймай, өзін бақылай білуі керек (М.С.Соловейчук), яғни «Мен не үйрендім?», «Нені білуім керек?» деген сұрақтарға жауап беруге дағдыландырып отыру керек.

- «Ана тілін тиімді қабылдату өздігінен ізденуге, ойлануға, еңбектенуге ұмтылдыруы тиіс» (А.А.Люблинская).

Бүгінгі заман талабы – тіл дамыту іс-әрекеттерін ұйымдастыруда тілдің қоғам дамуы мен адамның тұлға ретінде қалыптасуындағы ролі туралы теорияны және таным теориясын еске ұстау. Баланың жастайынан шығармашылыққа баулынуы оның сөзінен, ақыл-ойынан байқалады.

Көрнекті психолог Л.С.Выготскийдің тұжырымына сүйенсек, бала қиялының дамуы оның шама-шарқына қарай қабылдауынан басталады. Баланың ақыл-ойы, қиялдауы біртіндеп өмір тәжірибесінің молаюына байланысты қалыптасады. Қиялда болатын барлық бейнелер, қаншама таңғажайып болып көрінгенімен, баланың өмірден алған әсеріне негізделеді. Кейде бала өмірде кездескен кейбір жағдайларды өзіндік қабылдаумен түсіндіргенде, бізге ол күтпеген жағдай болып көрінеді. В.С.Мухинаның пайымдауынша, мектеп жасына дейінгі балаларда мінез-құлық мотивациясы қалыптасып, мінез-құлықтың саналылығы күшейеді, мотивтер мен қажеттіліктер көлемі ұлғаяды, рухани және материалды қажеттіліктер сферасы кеңейеді, қарым-қатынасқа деген қажеттілік, жетістікке жету, бастапқы басқарушылық, әлеуметтік қажеттіліктер біртіндеп нығая түседі. Т.Рибо: «Баланың шығармашылық қабілеті өз тәжірибесіне байланысты дамиды» деп тұжырымдайды. Мектеп жасына дейінгі кезең – қиялдың тез дамитын уақыты. Сондықтан ол қиялдың дамуын төрт кезеңге бөліп қарастырды:

- бірінші кезең – баланың қабылдауының ерекшелігімен байланысты (бір заттан басқа бір затты көре бастауы);

- екінші кезең – қиялдың ойыншықтарды жандандыру арқылы байқалуы;

- үшінші кезең – ойындағы рөлдерге байланысты өзгеруі;

- төртінші кезең – бала қиялында өзіндік көркемдік шығармашылықтыңбастау алуы (бейнелерді қайта құруы, жасауы, орындауы). О.М.Дьяченко және А.И.Кирилованың тәжірибелік зерттеулерінде көрсетілгендей, бала дамуында қиялдың екі түрі (сезімдік және танымдық) жүзеге асады. Сезімдік қиял, белгілі бір жағдайға байланысты қайшылық болғанда, баланың өзіндік «Мені» қалыптасқанда көрінеді [72]. Ал Е.Е.Кравцова өз зерттеулерінде қиялдың даму қызметін үш түрлі компонент арқылы бөліп көрсетті: көрнекілікке сүйену; өткен тәжірибесін қолдану; ерекше ішкі ұстанымды қолдану. Сондай-ақ мектепке дейінгі балалардың ойлау үрдісі, тілдік дамуы ғылыми ұғымдарды меңгерумен бірлікте дамиды. Ақыл-ой жағынан бала қаншалықты пәрменді болса, ол сонша көп сұрақтар қояды және оның сұрақтары соншалықты алуан түрлі болады. Бала заттың бейнесін ғана емес,оның қимыл қозғалыстары туралы да ойлайды. Д.Б.Элькониннің айтуы бойынша, мектеп жасындағы балалардың танымдық үрдістерінің дамуына келсек, олардың оқу ісіндегі қабылдауды – форма мен түстерді тану және оны атауға келіп тіреледі. Бала әрбір заттың өзіндік белгісін, қасиет, еркешелігін ұққысы келеді, оның мәніне ішкі, сыртқы құрылысына, жасалуына зер сала бастайды. Қабылдау үдерісінің күрделене түсуі балаларда байқай алу қабілетінің көрінуімен ұштасады. Байқау белсенді ой-әрекетінің балада дамып келе жатқандығының көрінісі болып табылады. Сөйтіп баланың қиялдауы ойын үстінде қалыптасады. Алғашқы кезде қиял заттарды қабылдаудан және ойын іс-әрекеттерін орындауынан байқалады. Ойын үстінде қалыптасқан қиял мектепке дейінгі бала іс-әрекеттерінің басқа түрлеріне де ауысады. Бала сурет салғанда, ертегілер мен тақпақтарды ойлап шығарғанда, қиял неғұрлым айқын байқалады. Сөйтіп баланың бойында оның даму үдерісі жүреді. Даму үдерісінде баланың таным белсенділігі арта түседі. Балалар заттарды түсіне, түріне, көлеміне қарап ажырата бастап, олардың құрылысын, пайдалану тәсілдерін білгісі келеді. Өзі білмейтінін білуге ұмтылған бала кейін шығармашылыққа қол жеткізеді.

Тілді психологиялық-педагогикалық аспектіде Мәскеудегі Ғылым Академиясының ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері зерттеді. Жүргізілген арнайы зерттеулер «Развитие речи детей дошкольного возраста» деген жинаққа енгізілген [117]. Психологиялық-лингвистикалық зертеулерге басшылық еткен ғалым Ф.А.Сохин тіл міндеттерін үш ғылыми бағытта алып қарастырады. Олар:

1.Құрылымдық (тілдің түрлі құрылымдық – фонетикалық, лексикалық, грамматикалық деңгейлері);

2.Қызметтік-коммуникативтік (қарым-қатынастық қызметіне қарай тілдік дағдыларды қалыптастыру, байланыстырып сөйлеу (диалогті және монологті тіл)

3.Когнитивті –танымдық (қарапайым тілдік құбылыстарды тани біліп, сөйлеу тілінде түсініп қабылдау) бағыттары [4., 30]. 

Алғашқы екі ғылыми зерттеу бағытында тіл дамытудың бес міндеті (сөздік қорды дамыту-лексикалық, дыбыстық мәдениетке тәрбиелеу-фонетикалық, бала тілінің грамматикалық жағын және байланыстырып сөйлеуін-диалогті, монологті сөйлеу тілін қалыптастыру) көзделсе, үшінші когнитивті-танымдық бағытта екі міндет: мектеп жасына дейінгілерді көркем шығармамен таныстыру және сауат ашуға үйрету міндеттері қойылды. Қазіргі балабақшада оқыту мен тәрбиелеу бағдарламасында оқу-тәрбие жұмыстарының «Қатынас», «Таным» т.б. бөлінуінің негізінде осы бағыттар ескерілгені байқалады.

Зерттеу институтының мектепке дейінгі секторында тілдік әрекет теориясы негізінде балалардың сөздік қорлары, грамматикалық формаларды игеру ерекшеліктері зерттеліп, жас ерекшеліктеріне байланысты топтарда тілді грамматикалық тұрғыда жетілдіруге байланысты әдістемелік нұсқаулар әзірленді.

Бүгінгі балабақшада ұйымдастырылып жатқан оқу іс-әрекеттері екі бағытта: 1) Өзіндік іс-әрекетті жетілдіріп отыру; 2) тілдік әрекетті мазмұнды ететін жекелеген тілдік құзыреттіліктерді қалыптастыру бойынша жүргізіледі.

Екінші бағытта бағдарланатын құзыреттер мыналар:

- Сөйлеу тіліндегі тақырып мазмұнын, оқиғалар жалғасын тақырып бойынша, түрлі кіріспе және тағы басқа белгілері бойынша тани алу;

- Айтылым элементтерін: жекелеген фактілерді, микротемаларды аңғару, бөліп айта алу;

- Қарым-қатынас жағдаятын түсіне алу: әңгіме не туралы, кімге бағытталғаны, неге туындағанын аңғару;

- Айтылым жоспарын құра алу;

- Жоспар бойынша тақырыпты жүйемен аша алу, негізгі ойды жеткізу;

- Өз ойын тақырыпқа сай дәл жеткізуін өзі бақылай алуы сияқты құзыреттер болуы баланың белсенділігіне және ойлау операцияларының шынықтырылуына байланысты. Бала тілінің қалыптасып, нормаға сай дамуы, әсіресе байланыстырып сөйлеуінің жетілуі, психикалық үдерістерге және мектепке дейінгілердің психикалық дамуының сапалық қасиеттеріне ( ойлай білуіне, ақыл-есіне, елес-қиялына жән басқаларына) негізделеді.

Әдістеменің лингвистикалық негізін тіл және таңбалық жүйесі туралы ілім құрайды.Тілдің лексикалық, фонетикалық және грамматикалық таңбалар жүйесін зерттейтін ғылым тіл білімі. Тіл жүйелі ғылым. Тіл білімі тілдегі жүйелер туралы жүйелі ғылым болса, бала тәрбиешісі тілдегі жүйені жақсы білуі тиіс. Әдістемені психолингвистика деген саламен байланыстылығы жаңа ғылымның оған тиімді әсер етуінен туған. Психология мен тілі білімі тоғысуынан пайда болған жаңа ғылым сөйлеу тілін тілдік әрекет деп танудан туған. Ойын әрекеті сияқты тілдік әрекет түрлерінде де шешілетін сұрақтар-мотивтер тудырылады, балалардың жүйемен өз ойларын байланысты жеткізуі талап етіледі. Лингвистикада «тіл» және «сөйлеу» деген ұғымдар бар, оларды ұғынбай, жұмыс бастауға болмайды. Мысалы, тілдегі дыбыстар, сауат ашудағы әріптер, сөздік құрамдағы сөздер, бұлар тілдік құралдар, материалдар. Ал диалог-монолог мәтіндердегі сөздер мен сөйлемдер сөйлеушінің сөз қолданымына қарай ыңғайластырылатын сөйлеу құралдары, яғни, тілдік қолданымдар деп аталады.

Тілдік құралдар, материалдар әрбір ұлт тілінде бар, тұрақталған, әдеби нормасы қалыптасқан, тіл заңдылықтарына сүйенетін құралдар болса, олардың қолданысқа түсуі адамдардың жасына, әлеуметтік тұрқына, біліміне, қоғамдағы орнына, жеке мінезіне, өзіндік қабілеттеріне байланысты әртүрлі болады. Мысалы үлкендердің сөйлеуі мен баланың сөйлеуін салыстыра алмайсың, екеуі екі басқа. Үлкендер ұлт тілінде бар тілдік құралдарды баланың жасына қарай таңдап-талғап қолданбаса, балаға ойын тез қабылдата алмайды.

Фонетика – бала тілінің дыбыстық мәдениетін қалыптастыру және сауат ашу негізі; ал баланың морфологиялық, синтаксистік құрылымды дұрыс қолдануын қалыптастыруға грамматика ілімі негіз болады. Сол сияқты лексикологияны жақсы білу баламен сөздік жұмысын жүргізуге қажет болса, мәтін лингвистикасын білу балалардың байланыстырып сөйлеуін қалыптастыру үшін қажет.

Лингвистика ғылымы «Тіл» мен «Сөйлеу тілі» деген терминдерді анықтап алуды талап етеді. Тіл де, сөйлеу тілі де адамдардың қатысым тілінің екі жағы, бірақ олар бір-бірінен ерекше. Тіл – тілдік таңбалар жүйесі (сөз, сөз тіркесі, сөйлемдер), олар қозғалыссыз, санада ғана сақталады. Ал сөйлеу тілі – олардың қозғалысқа түсіп, қолданысқа енген түрі.

Сөйлеу – тілдің коммуникативтік қызметінің жүзеге асуы. Тіл – сөйлеу арқылы өмір сүреді, сөйлеу арқылы көрінеді. Тілді мәтін арқылы көруге, естуге сөйлеу үстінде тыңдауға болады. Яғни тіл мен сөйлеудің қарым-қатынасы құбылыс пен оның мәнінің арақатынасы болып табылады [59, 12 ]. Сөйлеу тілі әр уақыт жағдаятқа қарай өзгеріп отырады, ол ерікті тіл, мақсатқа қарата қолданылады. Сөйлеу тілі – әрекет және оның жемісі. Сондықтан да сөйлеуде ауытқулар болып тұрады.

«Тіл дамыту» сөзі термин ретінде қазақ тіліне 1930 жылдары жазылған еңбектерден бастап ене бастады. Алайда, бұл құралдарда «тіл дамыту», «тіл ширату», «окушылардың тілін жетілдіру» деп түрліше қолданылды.

С.Рахметова: «Тіл ширату» балалардың білетін пассив сөздерін активтендіру мақсатын көздесе, «тіл жетілдіру» (усовершенствование) көбіне баланың тілін түзету мағынасында қолданылды. Ал «сөз байлығын арттыру» сөздікке ғана қатысты. Біздің ойымызша, «тіл дамыту» термині осылардың барлығын қамтиды, - деп дұрыс көрсетеді [106.,7].

Бұл жөнінде Ә. Хасенов: «Орыс тіліндегі «Развитие связной речи» деген тіркесті калька жолымен дәлме-дәл «Байланыстырьш сөйлеуді дамыту» деп аударып алып жүрміз. Шындығында, бұл тіркестің қазақша мағынасы — тіл ұстарту, тіл ширату» деп анықтайды . Бұл пікірлерді талдау барысында қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымында тіл дамытудың маңыздылығы, қажеттілігі анықталғанымен, оның ұйымдастырылу жүйесі, жұмыс салалары арнаулы зерттеліп, тұрақталмағандығын көруге болады. «Сондықтан біз тіл дамыту мазмұнын қатысымды әрекет теориясын негізге ала отырып, кешенді түрде (оқу, жазу, тыңдау, айту) сөйлеу икемділігі мен дағдыларын дамыту мақсатындағы әрекет деп түсінеміз»,- деп көрсетеді кейінгі кезеңде қатысым теориясын зерттеген ғалым Ф.Оразбаева [101].

Сонымен, сөйлеуді іс-әрекет ретінде түсіну тілді оқытудың міндетіне сай келмек. Тілді игертуде, оны дамытуда іс-әрекет теориясына негіздеудің қажеттілігі анықталды. Бұл теориялық қағида белгілі даму жолынан өтті. Қазіргі жаңғырған бағдарламаларда [62] тіл дамыту әрі сабақ (мектепалды топтарында), әрі ұйымдастырылған іс-әрекет (кіші сәбилер, естияр топтарында) түрінде интегративті оқыту-үйрету жүйесінде ұсынылып отыр.

Тіл дамыту әдістемесі сөздің лингвистикалық қырынан дәл, фонематикалық және тіл мәдениетін сақтау мақсатында тиімді жұмыстар жүргізуде адамның сөйлеу мүшелерін зерттейтін анатомия-физиология ғылымы зерттеулеріне байланысты теорияларға сүйенеді. Бала тілінің дыбыстық жағын жетілдіруде тәрбиеші артикуляцияны жолға қоюда сөйлеу мүшелері қызметін жақсы білуі тиіс.

Алғашқы жас сатысында баланың тілін дамытуға назар аудару ерекше маңызды, өйткені осы кезде баланың миы жедел өсіп, оның қызметі қалыптасады. Орталық нерв жүйесінің қызметі оның табиғи қалыптасуы кезеңінде жаттықтыруға жеңіл бейімделетіндігі физиологтарға белгілі. Жаттықтырусыз бұл қызметінің дамуы тежеліп, тіпті тоқтап та калады.

«Тіл үшін,- деп жазады профессор М. М. Кольцова,- дамудың мұндай қиын-қыстау кезеңі бала өмірінің алғашқы үш жылы болып табылады: осы кезге қарай негізінен мидың анатомиялық сөйлеу желісінің жетілуі аяқталады, бала ана тілінің басты грамматикалык формаларын меңгереді, мол сөз қорын жинайды. Егер алғашқы үш жылында сәбидің тіліне тиісті назар аударылмаса, кейін олқылықтың орнын толықтыру үшін қыруар күш-жігер жұмсауға тура келеді».Адамның сөйлеу қызметі — ең алдымен мидың көптеген саласының үйлескен кызметінің нәтижесі. Мида естіген сөзді ұғынады, онда дыбыстар мен тілдік дыбыстардың тіркесінің артикуляциялануы үшін қажетті қозғалыс программасы қалыптасып, осы жерден сөйлеу бұлшық еттеріне бұйрық жолданады» [67., 5]. Атап айтқанда, сөйлеу мүшелері (ауыз қуысы және мұрын, тіс, ерін, тіл, көмей, өкпе) — бұл орталығы ми болып табылатын сөйлеу механизмінің атқару мүшелері; ми дамығанда баланың сөйлеу мүшелерінің бұлшық еттері де дамиды. Алғашында сөйлеу мүшелерінің бұлшық еттері балаға көнбейді, ол ана тілінің дыбыстарын үнге салып айтады, өсе келе ол барынша таза, сөз тіркестерін барынша еркін айтады, мидың «сөйлеу бұлшық еттеріне бұйыру» орталығы дамыған сайын, балада сөйлеу мүшелерінің бұлшық еттерін еркін меңгеру қабілеті дамиды.

Бірақ тәрбиеші кері байланысты да есте ұстауы тиіс, егер тілдік қарым-қатынас үдерісінде бала өзінің сөйлеу аппараттарының бұлшық еттерін жаттықтырса, яғни баламен сөйлесіп, оны тыңдаса, миы сонда жақсы дамиды. Бала дыбыстарды неғұрлым ертерек, шапшаң және дұрыс артикулдеуді үйренсе (және дауыс ырғағын үндестірсе), ол соғұрлым ертерек іштей, тілді анағұрлым жоғары түрде меңгеруге қабілетті болады, өйткені іштей сөйлеу — сөйлеу қозғалысы, сөйлеу мүшелері бұлшық еттерінің жұмысы. Сөйтіп, тілдің, демек баланың интеллектісінің дамуы мен сөйлеу бұлшық еттерінің дамуы арасында немесе практикада дәлелденгендей, артикуляцияны, сөздерді айтылу дағдыларын дамыту арасында тікелей байланыс бар» деп тұжырымдайды Л.П.Федоренко [133.,8].

Қазіргі кезеңде зерттеулер арасындағы байланыс қарапайым байланыстан теориялық жетістіктермен: яғни, тілдік деректерді жинақтау, талдау, қайтадан жаңғырту бағытында өрістеп келеді. Тіл дамыту сабақтары бүгіндері біріктіріле ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті ретінде көрініс береді. Оның негізінде мектеп жасына дейінгі бала тілін дамытудың лингвистикалық, психофизиологиялық, психолингвистикалық және дидактикалық тұжырымдары мен принциптері ескеріліп отырады.

Жинақтап айтқанда, жас ұрпақты тәрбиелеу ісі – қай заманда болса да, қай халықта болмасын ерекше мән беріліп келген маңызды мәселе. Оқу-тәрбие ісі ешбір халықтың назарынан тыс қалған емес. Дүниежүзі ғалымдары тәрбиені дұрыс ұйымдастырудың ұтымды жолдарын іздестіріп, болашақта қоғамға қажетті, білімді, адамгершілігі мол, талантты, ізгілікті ұрпақ тәрбиелеудің ғылыми негіздерін қалап келеді.

Өйткені «Тіл адамға табиғаттан берілетін, адаммен бірге туған, құдайдың бір сыйлығы, ол адамдардың бүкіл тарих бойына жиған асыл қазынасы, зор байлығы» деген болатын К.Д. Ушинский. Сондықтан ата-бабадан жеткен байлықты, қазынаны балаға меңгерту керек. Ол үшін балаға үлкендердің көмегі керек, ол көмек отбасынан басталады, балабақшада дамытылады.

Мектеп жасына дейінгі бала тілін жетілдірудің жолдарын, амал-тәсілдерін терең меңгеру құзыретіне ие болу үшін балабақшаның оқу-тәрбие ісіне тікелей жауапты тәрбиешілер мен әдіскерлер бала тілін дамытудың ғылыми негіздерін, тәжірибеде дәлелденген бала тілін дамыту концепцияларын жақсы білуі тиіс.

1.3. Тіл дамыту әдістемесінің ғылым ретінде қалыптасуы,

басқа пәндермен байланысы

 

Сөйлеу тілі мәселесіне қай халықта болмасын ерекше назар аударылады. «Сөйлей-сөйлей шешен боларсың. Көре-көре көсем боларсың» деп баланың жастайынан айналасындағы құбылыстарға жиі қарап, көргенін есте сақтап, ол туралы әңгімелеп бере алуына, сөз сөйлеуді өнер деп бағалауға үлкендер үйретіп отырған.

Тіл, әсіресе, мәнерлеп сөйлеу туралы пікірлер көне грек философтары Платон, Аристотель, Сократ және римляндық Квитилиан еңбектерінде кездеседі. Бала тілінің дамуына алғаш назар аударған чехия ғалымы Ян Амос Коменский (1592-1672) болды. «Аналар мектебі немесе баланы бастапқы алты жасына дейін қамқорлықпен тәриелеу» атты еңбегінде баланың тілін дамытуды іс-әрекет арқылы тәрбиелеуден ажыратып, сыртқы дүние құбылыстарын баланың барлық сезім мүшелерінің қатысуымен қабылдануын талап еткен. «Аналар мектебінің» сегізінші бөлімін түгелдей бала тілін дамыту мәселесіне арнаған.

«Адам табиғатына тіл мен сананың берілуі оны хайуанаттан ажырататын белгісі» деп атап көрсетіп, баланың тілі мен ойын қатар дамыту керектігін жазған. Педагог алты жасқа дейінгі бала тілінің дамуына нұсқаулар берген. Үш жасында баланы дұрыс дыбыстауға, 4-6 жас аралығында заттарды қабылдату негізінде сэдік қорын байыту қажеттігін, яғни көрген заттарын бала сөзбен дұрыс айта білуін қалыптастыруды ұсынады. Қарапайым сөз бен поэзия ырғағын ажырата білуге үйрету үшін халық өлеңдерін пайдалануды: түрлі тақпақтарды жаттату, балаларға әңгіме айту, жануарлар жайында ертегілер оқу иеяларын алғаш көтерген «Педагогика атасы» атын алған ғалым Я.А.Коменский: «Тіл дамытуды анық сөйлетуден бастау керек: заттың атын атату ғана емес, оларды тануға үйретілуі керек» деген [4., 27].

Я.А.Коменскийден кейін бала тілін дамыту туралы теориялық ойлар айтқан Иоганн Генрих Пестолоцци (1746-1827). Ол ана тілінің әлеуметтік, мәдени және жалпыпедагогикалық маңызын ашқан: «Тіл адамзат баласы игеретін шексіз көркемөнер. Адам табиғаттан мыңдаған жылдар бойы алатынды бала бір сәтте ғана жеткізе алады» деген. Ана тіліне оқытуға педагог үш міндет қояды. Олар: а)дыбыстай білуге немесе сөйлеу мүшелері құралдарына үйрету; ә)сөздер үйрету; б)сөйлеуге немесе заттар туралы дұрыс айта білуге үйрету. «Гертруда өз баласын қалай оқытады?» атты еңбегінде (жетінші хат) Песталоцци сонымен қатар дыбыстарды, буындарды анық айтуға үйрету әдістемесін беріп, олар арқылы оқуға қалай жеткізуді көрсетті.

Орыс ғалымдарының ішінде баланың ана тілін дамыту туралы мәселені педагогика ғылымының алдына қойып: «Балаларға білім ана тілінде берілуі керек» деген пікірлер айтқан халықтық білім мен әдебиетке еңбек сіңірген белгілі қайраткерлер М.В.Ломоносов, В.Ф.Одоевский, В.Г.Белинский, Н.А.Добролюбов, Л.Н. Толстойлар болды.

Балаға берілетін білімге тиянақты дайындық қажет екендігі, әсіресе олардың шығармашылық қабілеттерін ояту туралы Л. Толстойдың тұжырымы балаларды әңгіме құруға үйрету мен көркем шығармамен таныстыру жұмыстарына негіз болды. «Кімге кімнен үйреніп жазуға болады?» деп аталған мақаласында педагог жазушы әр баланың шығармашылыққа деген қызығушылығын туғызуға болатынын ескертеді.










Последнее изменение этой страницы: 2018-05-30; просмотров: 1213.

stydopedya.ru не претендует на авторское право материалов, которые вылажены, но предоставляет бесплатный доступ к ним. В случае нарушения авторского права или персональных данных напишите сюда...